Павлодар облысында қысқы мұз қаупі күшейді

Павлодар облысында қысқы мұз қаупі күшейді
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысында қыс мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі ерекше бақылауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мұздың қалыңдығы тұрақсыз кезеңдерде, әсіресе алғашқы қату мен жылымық уақытында, кез келген сәтте өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты өңірде алдын алу шаралары күшейтілді.

Бұл туралы Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Дастан Искара мәлімдеді. Оның айтуынша, қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында құтқарушылар күн сайын рейдтер өткізіп, балықшылар мен тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

– Қыс басталғалы бері облыс аумағында 2404 рейдтік іс-шара өткізілді. Нәтижесінде 16 762 жадынама таратылды. Су айдындарының жай-күйі дрондардың көмегімен де бақылануда. Бұл алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр, – деді Дастан Искара.

Алдын алу жұмыстарының нәтижесінде 22 қараша күні Усолка өзенінде ықтимал қайғылы жағдайдың жолы кесілді. Мұз үстінде ересектердің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмаған үш бала анықталып, олармен және ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Балалардың заңды өкілдері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы, аталған бап бойынша биыл 27 азамат жауапқа тартылып, 490 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 66 адамды құрап, айыппұлдың жалпы сомасы миллион теңгеден асқан.

Мамандардың айтуынша, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – жұқа мұзға шығу, балаларды бақылаусыз қалдыру, су айдындарын белгіленбеген жерден кесіп өту және мұз үстімен көлік жүргізу.

Қазіргі жағдай бойынша Павлодар облысында жеті мұз өткелі жұмыс істеп тұр. Олар Аққулы, Тереңкөл, Ертіс және Май аудандарында орналасқан және тек белгіленген тәртіппен пайдалануға рұқсат етілген.

Қолданыстағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкес, бір адамның мұзға қауіпсіз шығуы үшін мұздың қалыңдығы кемінде он сантиметр, ал жаппай шығу үшін 25 сантиметр болуы тиіс. Сонымен қатар түнгі уақытта, көріну нашарлаған кезде мұзға шығуға, от жағуға, ойықтарға жақындауға және жұқа мұзда балық аулауға қатаң тыйым салынады. Балалардың мұз үстінде болуы тек ересектердің бақылауымен ғана рұқсат етіледі.

Дастан Искара тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырып, тұрақты мұз жамылғысы орнағаны ресми түрде жарияланғанға дейін су айдындарына шықпауға кеңес берді.

Мұздағы бір қате қадам орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан әр азамат өз өмірі мен балаларының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс, дейді мамандар.