Павлодар облысында үздік ювеналды полицейлер марапатталды
Полиция департаментінде балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға үлес қосқан қызметкерлерге наградалар табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінде ювеналды полиция қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 24 қызметкер грамотаға ие болды.
Марапатталғандардың қатарында Арай Төлемісова, Гаухар Рахимгожина, Ерлан Қалқамбеков, Ирина Емцова, Рада Прохорова, Мадина Жұмабаева, Жұлдыз Қалиханова, Динара Қалықова, Арайлым Мұхамеджанова, Әсел Тұрсынғалиева және Лаура Құрманғалиева бар.
Сонымен қатар ювеналды полицияның алты қызметкері департаменттің Алғыс хатымен марапатталды.
– Сіздерге өте маңызды әлеуметтік миссия жүктелген. Жұмыстарыңыз балалармен тікелей байланысты. Әрқайсыңыз заң сақшысы ғана емес, сонымен бірге психологсыздар. Жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы қызметтеріңізге табыс тілеймін, – деді облыстық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Сарин.
Марапатталғандардың қатарында ішкі істер органдарының ардагері, отставкадағы полиция полковнигі Бибігүл Камзина да болды. Ол 30 жылдан астам уақытын кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға арнап, өңірдегі профильдік бөлімшені басқарған.
Полиция департаментінің мәліметінше, Бибігүл Камзина жас мамандарды даярлауға және жаңа буын басшыларын тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан. Салтанатты шарада оның көпжылдық еңбегі мен кәсіби тәжірибесі ерекше аталып өтті.