Ұлттық коалиция мүшелері Павлодар облысының шалғай ауылдарына аттанды

Ұлттық коалиция мүшелері Павлодар облысының шалғай ауылдарына аттанды
Фото: автор

Олардың мақсаты – жаңа Конституцияны тұрғындарға түсіндіріп, халықтың мұң-мұқтаждарымен танысу, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Павлодар облыстық филиалы жанынан жеті түсіндіру тобы құрылды. Топ құрамына өңіріміздегі белгілі азаматтар, қоғам қайраткерлері, әртүрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттары енді. Оларды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жарқынбек Амантайұлы, Николай Арсютин, Нұржан Әшімбетов, Ерлан Барлыбаев, Вера Ким, Айтуар Қошмамбетов және Ислам Сұңқар күшейтті. 

Ауыл-ауылды араламас бұрын түсіндірушілік топтар мүшелері жалпыұлттық коалициясының Павлодар облыстық филиалы офисінде дайындықты пысықтады. Коалиция облфилиалының төрағасы Илья Теренченко қоғам қайраткерлерін алда күрделі де маңызды жұмыс күтіп тұрғанын айтып, барлықтарына ақ жол тіледі.

- Барлығымыз бір шаңырақ астында өмір сүріп жатырмыз. Біздің мақсатымыз айқын – Отанымыздың өсіп-өркендеуі, елдегі бірлік пен келісімді одан әрі нығайту. Сол себепті де жиналып отырмыз. Біздің жұмысымызды Мәжілістен келген әріптестеріміз қолдағаны қуанышты жайт, - деді Илья Теренченко.

Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов Қазақстанның барлық саяси күштерінің жаңа Конституцияны түсіндіру жұмысына бір адамдай жұмыла атсалысқанын ерекше ықыласпен атап өтті. Осы орайда халық қалаулысы жаңарған Ата заңдағы басым бағыттарды санамалап өтті.

- Біріншіден, біз – Мәжіліс депутаттары біртұтас бір палатты Парламенттің құрылғанын қолдаймыз. Неге дейсіздер ғой? Өйткені, осыған дейін біздің заң жобаларымыз қабылданбақ бұрын Сенатта үш-төрт ай бойы бекітілгенін күтетін. Сондықтан кейбір бастамалар кешеуілдеп күшіне енетін. Енді заңдарды қабылдау мәселесі жеңілдеп, тездетілмек, - деді Нұржан Әшімбетов. 

Отырыс тез арада аяқталып, топтар мүшелері ат-көліктерін сайлап, жолға шықты.