Павлодар облысында ұжымдық шартты міндеттеу ұсынылды
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Павел Сурма қоғамды алаңдатқан бірқатар әлеуметтік мәселелерді көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан Халық партиясының ұйымдастыруымен халық табысының экономикалық аспектілеріне арналған дөңгелек үстелде бұл сұрақтар тек кәсіподақтарға ғана емес, жалпы жұртшылық үшін де маңызды екені айтылды.
Ең алдымен Павел Сурма медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі түйткілдерге тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда медициналық қызметтердің бағасы, әсіресе зейнеткерлер үшін тым жоғары. Елде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмыс істегенімен, қоғамда миллиардтаған қаражаттың неге халықтың игілігіне толық қызмет етпей отырғаны жөнінде сұрақтар көбейіп келеді.
– Бұрын кәсіподақтарда әлеуметтік сақтандыру қоры болды, сол кезде қаражаттың 17 пайызы тікелей адамдардың қажеттілігіне жұмсалатын: тегін медициналық қызмет, емделу, санаторий-курорттық сауықтыру. Бұл қаражат жеткілікті еді. Ал бүгін біз сол ақшаның қайда кеткенін көріп отырған жоқпыз. Халық үшін тек шамамен бес пайыз ғана қалды – ол жүктілік пен босану, уақытша еңбекке жарамсыздық, өндірістік жарақаттар бойынша төлемдер, – дейді ол.
Сонымен қатар коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуі де алаңдаушылық туғызып отыр. Мемлекет басшысы 1 наурызға дейін тарифтерді көтермеу туралы тапсырма бергеніне қарамастан, ақпарат кеңістігінде су тарифінің 75 пайызға, ал кейбір қызметтердің 90 пайызға дейін өсуі мүмкін деген мәліметтер пайда болуда.
– Бұрын монополистер үшін жыл сайынғы өсімнің нормативі жеті пайыздан аспайтын. Ал қазір бірден 70 пайызға дейін өсіруге өтінімдер беріліп жатыр. Бұл халықты қатты алаңдатады, себебі тарифтердің көтерілуі өзге барлық қызмет пен тауар бағасының өсуіне алып келеді, – деп атап өтті Павел Сурма.
Ол сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы кәсіподақ жұмысына ерекше тоқталды. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссия аясында кәсіподақтар, Ауыл шаруашылығы министрлігі және қоғамдық ұйымдар арасында салалық келісімге қол қойылды. Бұл құжат көпжылдық еңбектің нәтижесі болып, еңбекақы мәселесін қоса алғанда, бірқатар маңызды түйткілдерді шешуге мүмкіндік берді.
– Соңғы жылдары алғаш рет зиянды еңбек жағдайлары үшін 1,3 коэффициенті бекітілді. Зиянды жағдайда жұмыс істейтін қызметкерлер 30 пайызға жоғары жалақы алатын болды. Әсіресе ветеринар мамандардың тізімге енуі маңызды – олар күн сайын адам денсаулығына қауіпті жағдайда еңбек етеді. Бұл шешімге қол жеткізу үшін бес жыл бойы күрестік, – деді ол.
Алайда бұл келісімнің талаптары тек кәсіподақ мүшелеріне ғана қолданылады. Себебі қолданыстағы еңбек заңнамасы барлық ауыл шаруашылығы қызметкерлерін қамтуға мүмкіндік бермейді. Бүгінде бұл салада кәсіподаққа мүшелік деңгейі төмен – шамамен 10 пайыз. Ал ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің жалпы саны облыстар бойынша 75 мыңға жуықтайды.
– Қолданыстағы Еңбек кодексі мен «Кәсіподақтар туралы» заң жұмыс берушілерді ұжымдық шарт жасауға міндеттемейді. Көптеген ірі кәсіпорындар әлеуметтік міндеттемелерден қашу үшін кәсіподақ құруға қарсы. Біз ұжымдық шартты әр кәсіпорында міндетті түрде жасасуды заң жүзінде бекіту қажет деп санаймыз, – деді ол.
Сонымен қатар Павел Сурма 2020 жылғы 5 мамырда қабылданған «Ардагерлер туралы» заңға назар аударды. Аталған заңға сәйкес, еңбек ардагерлері бірқатар тармақтар бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен теңестірілген, соның ішінде медициналық қызмет алу мәселесінде де.
– Еңбек ардагерлері медициналық ұйымдарда кезексіз қызмет алуға құқылы. Бұл туралы халыққа да, медицина қызметкерлеріне де нақты түсіндіру қажет. Мұнда қосымша қаржы талап етілмейді – бұл заң талаптарын орындау мәселесі, – деп атап өтті ол.
Сөз соңында ол жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектерге қатысты бағдарламалардың бар екеніне қарамастан, іс жүзінде олардың қолжетімділігі әрдайым қамтамасыз етілмейтінін, бұл мәселе медицина саласына да, халыққа да жақсы таныс екенін айтты.