Павлодар облысында әлеуметтік осал азаматтарға баспана алуға үш миллииард теңге бөлінді

Павлодар облысында әлеуметтік осал азаматтарға баспана алуға үш миллииард теңге бөлінді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар облысында жыл соңына дейін жеті көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тюлюбаевтың мәлімдеуінше, жаңа баспаналар Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында бой көтереді. Жалпы аумағы 49,4 мың шаршы метр болатын үйлерден 573 пәтер тұрғындар игілігіне берілмек.

Павлодар қаласында екі тұрғын үй салынып, 252 пәтер пайдалануға беріледі. Олардың жалпы аумағы – 21,5 мың шаршы метр. Екібастұзда төрт үйдің құрылысы жүргізілуде. Мұнда 240 пәтер орналасқан, жалпы аумағы 18,8 мың шаршы метрді құрайды. Ал Ақсу қаласында Дөнентаев көшесі, 40-үйдегі аяқталмай қалған нысанның құрылысы толық аяқталады. 9,1 мың шаршы метрлік ғимаратта 81 пәтер бар.

– Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамтуға биыл үш миллиард теңге қарастырылған. Осы қаражат есебінен Павлодардан 124, Екібастұздан 93 пәтер, яғни барлығы 217 пәтер сатып алу көзделген, – Дамир Тюлюбаев. – Бұдан бөлек, облигациялық қарыз қаражаты есебінен тағы 483 пәтер сатып алу жоспарлануда. Бұл мақсатқа 9,8 миллиард теңге бағытталады. Жаңа пәтерлер Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен қала маңындағы аудандардың тұрғындарына арналған.

Тұрғын үй құрылысы облыстың аудандарында да жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Баянауыл, Успен және Май аудандарында жаңа баспаналардың құрылысы жүргізілуде.

Өңірдегі құрылыс саласының жалпы көрсеткіштері де оң динамиканы көрсетіп отыр. Бірінші жартыжылдықта құрылыс жұмыстарының көлемі 193 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 129,6 пайызға өскен. Өсімге ірі инвестициялық жобалармен қатар тұрғын үйлер мен мектептердің құрылысы да әсер етті.