Былтыр 2000-нан астам павлодарлық интернет-алаяқтықтың құрбаны болды

Былтыр 2000-нан астам павлодарлық интернет-алаяқтықтың құрбаны болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде жүргізілген кешенді профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде интернет-алаяқтық фактілерінің саны азайып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ризабек Жанат мәлім етті. 

– Мәселен, биыл 329 қылмыс тіркелсе, өткен жылы олардың саны 461 болған. Жыл басынан бері 57 іс бойынша тергеу аяқталып, 10 адам және бір қылмыстық топ ұсталды. Аталған топтың үлесінде 57 интернет-алаяқтық дерегі бар, – деді Ризабек Жанат. 

Сонымен қатар, «Антифрод-орталығы» аясында қаржы ұйымдарымен тығыз жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде жалпы сомасы 453 миллион теңгені құрайтын 315 банктік шот бұғатталған. Бұл платформа арқылы дропперлерден 21 миллион теңге қайтарылған.

Дегенмен, мәселе өзекті күйінде қалып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде 2000-нан астам тұрғын интернет-алаяқтардың құрбанына айналып, келтірілген жалпы шығын бір миллиард теңгеден асқан.

Профилактика мақсатында өңірде ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 100 мыңға жуық пәтер мен үй араланып, тұрғындарға ақпарат берілген. 

Құқық қорғау органдары Павлодар облысының тұрғындары мен қонақтарын сақ болуға шақырады. Мамандар жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуді, SMS арқылы келетін кодтарды жария етпеуді, күмәнді сілтемелерге өтпеуді және белгісіз қосымшаларды орнатпауды ескертеді.

Күмәнді жағдай туындаған кезде дереу полицияға жүгіну қажет. Алаяқтардан қорғанудың ең тиімді жолы – бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға жауап бермеу және кез келген шешімді қабылдар алдында ақпаратты мұқият тексеру керек.