Павлодар облысында 200-ден астам тұрғын есірткіден емделді

Павлодар облысында 200-ден астам тұрғын есірткіден емделді
Фото: pexels.com

Есірткіге тәуелділер есебінде 1876 адам тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалуы қаралып, 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Болат Нұрсейітов 10 айдың қорытындысы бойынша есірткіге қатысты 225 құқық бұзушылық анықталғанын хабарлады. Оның ішінде 100 қылмыс «ауыр» және «аса ауыр» санаттарына жатады. Айналымға жіберілмеген есірткі және психотроптық заттардың көлемі 423 киллограмды құрады.

Биыл «Киберқадағалау» жүйесімен 75 интернет-ресурсы және 115 OLX маркетплейсі бұғатталды. Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу кезінде құрамында «гашиш майы» бар 3500 капсула тәркіленді.

2024 жылдың 10 айы ішінде қоғамда есірткіге саналы түрде қарсы көзқарасты қалыптастыру мақсатында 1500-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілді. Оларға 143 мыңнан астам мектеп оқушылары, сондай-ақ, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Сондай-ақ, ведомствоаралық комиссияның отырысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев баяндама жасап, өңірде есірткіге тәуелділер есебінде 1876 адам тұрғанын атап өтті.

Мәжбүрлі бөлімшедегі стационарларда 33 адам, ерікті бөлімшеде 196 адам емделді. Оңалтудың үшінші кезеңі Мичурино ауылының «Асар» бөлімшесінің жағдайында жүргізіледі.

2023 жылғы желтоқсаннан бастап медициналық куәландыру кабинеттерінде 8 жолақты сынақтар жүргізіледі, олар мыналарды анықтайды: морфин, марихуана, трамадол, амфетамин, мефедрон, тропикамид, митилен-диоксипировалерон, синтетикалық каннабиноидтар.

Осы жылдың шілде айында 282 миллион теңгеге екі заманауи газ хроматографы сатып алынды, бұл жаңа есірткі қосындыларын анықтауға мүмкіндік береді.

Фото: Валерий Бугаев