Павлодар облысында 700-ден астам жүгізуші жол ережесіне бағынбады
Олар әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде ұйымдастырылған республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері қарсы бағыттағы жолаққа шығу, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін пайдалану, сондай-ақ көлік құралын мас күйінде басқару фактілерінің жолын кесті.
Мәселен, бір тәулік ішінде алкогольдік мас күйінде көлік басқарған 6 жүргізуші ұсталды. Павлодар қаласында «Audi», «Chevrolet» және «ВАЗ» маркалы автокөлік жүргізушілері мас күйінде рөлге отырса, Ақсу қаласында Пушкин көшесінде «Toyota» маркалы автокөлік жүргізушісі есірткілік мас күйінде ұсталды. Екібастұз қаласында Энергетиктер – Кеншілер көшелерінің қиылысында «Chevrolet Cobalt» жүргізушісі де дәл осылай қолға түсті. Тереңкөл ауданы Қоржынкөл ауылында ауыл тұрғыны «Audi» автокөлігін ішімдікке тойып алып басқарғаны белгілі болды. Барлық жүргізушілер көлік құралын басқару құқығынан уақытша шеттетіліп, автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылды. Оларға қатысты мас күйінде көлік басқарғаны үшін әкімшілік материалдар рәсімделді.
Тағы бір жағдайда облыс орталығында «ВАЗ-2112» маркалы автокөлік жүргізушісі жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін пайдаланып жүргені анықталды. Аталған автокөлік арнайы айып тұрағына қойылып, жүргізушіге қатысты әкімшілік материал толтырылды.
– Рейдтік іс-шаралар барысында жол қозғалысын қадағалау кезінде полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігі саласында 720 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 12 жүргізуші мас күйінде көлік басқарған, 29 көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлері оқылмайтын күйде болған, 47 автокөлік техникалық талаптарға сай келмесе, 20 жағдайда көлік құралдары заңсыз қайта жабдықталған, ал 2 жүргізуші қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетсе, 68 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған және 38 жүргізуші көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланған. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және өзге азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге шақырады.