Павлодар облысында Ақсу бағытындағы жол жөнделді
Республикалық маңызы бар автожолдың 15 шақырымнан астам учаскесінде жұмыстар аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, KZ14-03 «Атамекен – Ақсу – Көктөбе – Б. Ақжар – Курчатов қ.» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 0-15 шақырымындағы учаскесі орташа жөндеуден өтті. Жөнделген жолдың жалпы ұзындығы 15,040 шақырымды құрайды.
II техникалық санатқа жататын жолдағы жұмыстарды «ПКФ Гордорстрой» ЖШС жүргізді.
Жоба аясында ескі жол жабыны фрезерленіп, ірі түйіршікті асфальтбетон қоспасынан төменгі қабат төселді. Оның үстіне қиыршық тас-мастикалық асфальтбетон қоспасынан жаңа жабын салынды.
Сонымен қатар жолдың 11 шақырым 370 метріндегі жол айрығында және 14 шақырым 900 метріндегі жол өтпесінде деформациялық жіктер ауыстырылды. Жөндеу жолды нормативтік жағдайда ұстауға, қозғалыс қауіпсіздігі мен жүргізушілерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.