Асайын Байханов салынып жатқан жаңа мектептердің құрылысын тексерді

Асайын Байханов салынып жатқан жаңа мектептердің құрылысын тексерді
Фото: Валерий Бугаев

Нысандардың құрылысы толығымен жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс орталығында салынып жатқан екі жаңа мектептің құрылыс барысымен танысты. «Достық» шағын ауданында 1200 орындық үш қабатты мектеп салынуда. Білім ордасын салуда барлық заманауи технологиялар мен ең жоғары стандарттар қолданылатын болады.

Оқу кабинеттерінен басқа үлкен мәжіліс залы және үш спорт залдары көзделген. Мектеп аумағында футбол, баскетбол және хоккей алаңдары, тренажерлар, воркаут, әр түрлі жастағы ойындарға арналған алаңдар, жүгіру жолдары және т.б. орналасады. 600 орынға арналған тағы бір мектеп Гагарин көшесі, 47 мекенжайы бойынша орналасқан Қ. Мақпалеев атындағы №4 мектептің жанында бой көтереді. Оқу орны 600 орынға есептелген. Мамандар болашақ оқу орнының іргетасын қалау және инженерлік желілерді салу үшін дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ, Асайын Байханов Павлодардағы білім беру нысандарын одан әрі абаттандыру жоспарларымен танысты. 

– Өткен жылы менің тапсырмам бойынша қаладағы 40 балабақшаның асфальт жабыны толығымен жаңартылды. Биыл мұндай абаттандыру жұмыстары облыс орталығының 20 мектеп аумағында жүргізіледі, – деп жазды аймақ басшысы жеке Instagram парақшасында.  

Ұлттық жобаны іске асырудың екінші кезеңінде облыс орталығының «Жастар», «Усолка» және «Шығыс» шағын аудандарында тағы 3 мектеп салынады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Байханов Асаин (@asaiyn.baikhan)