Павлодар облысында алдағы төрт жылда 15 балабақша ашылады
2027 жылға дейін 3260 орындық 15 мектепке дейінгі ұйымды іске қосу жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, 2024 жылы Береке ауылында – 240 орындық балабақша, Ақсу қаласындағы Үштерек ауылында – 140 орындық балабақша, Екібастұз қаласында 260 орындық балабақша салынады.
2025 жылы Ақсу қаласында – 140 орындық, Павлодар ауданы Мичурин ауылында – 120 орындық, Кенжекөл ауылында – 240 орындық, Ленин ауылында – 140 орындық және Павлодар ауылында 320 орындық балабақша бой көтереді.
2026 жылы Павлодар қаласында әрқайсысы – 260 орындық екі балабақша, Екібастұз қаласында – 260 орындық, Ақсу қаласында 140 орындық балабақшаның құрылысы жүргізіледі.
2027 жылы Павлодар қаласында әрқайсысы 320 орындық екі балабақша салу, 100 орындық жеке балабақша ашу көзделіп отыр.
– 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 93% немесе 35414 баланы құрайды. Облыста 36 436 бала контингенті бар 381 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 14-і 1085 бала контингентімен жеке меншік болып табылады, – дейді басқармада.
Еске сала кетейік, биыл Достық шағын ауданында көп қабатты үйдің бірінші қабатында 80 орындық мектепке дейінгі шағын орталық ашу жоспарлануда.