Павлодар облысында апат жиі тіркелетін жолдар аталды

Павлодар облысында апат жиі тіркелетін жолдар аталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жол-көлік оқиғалары – өңірдегі ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Азамат Күркебаевтың айтуынша, жағдайдың ушығуына жүргізушілердің ереже сақтамауы және есепке алу тәртібінің өзгеруі себеп болып отыр. Жалпы жол апаттары 14,6%-ға көбейген, ал жарақат алғандар саны 11%-ға артқан. 

Павлодар – Семей және Қалқаман – Керней бағыттарында көлік қозғалысы артқандықтан, қосымша полиция нарядтары мен үш аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды. Қазіргі таңда көлікті себепсіз тоқтатуға болмайды. Сондықтан жол ережесін бұзуды автоматты түрде анықтайтын жүйелер қолданылуда, – деді  Азамат Күркебаев.

Спикердің сөзінше, жиі кездесетін заңбұзушылықтар қатарына қарсы бағытқа шығу, ұйқылы күйде рөлге отыру, оң рульді көліктермен жолаушы тасымалдау жатады. Атап айтқанда, Павлодар – Қызылорда жолында, Шідерті ауылы маңында жүргізушілердің ұйқылы күйде апатқа түспеуі үшін жол тарылтылып, тәжірибелік жоба іске қосылған. Бұл тәсіл елімізде алғаш рет қолданылып отыр.

Павлодар – Семей тас жолында биылдың өзінде бес адам көз жұмған. Басты себептер – қоршаусыз жүрген мал, жарықтандырудың әлсіздігі және жолдың тарылуы. Осыған байланысты бұл учаскеге «Зерек» кешені орнатылып, қарбалас уақыттарда үш патруль көлігі кезекшілік атқарып жүр.

Сонымен қатар жаяу жүргіншілермен болған апаттар – 9%-ға, жарақат алғандар – 9%-ға  және мас күйде көлік жүргізу 4-тен 18 жағдайға дейін өскен. Полиция жол ережесін қатаң сақтауға шақырады. Қауіпсіздік әр жүргізушінің жауапкершілігіне тікелей байланысты.

Жансая Мәлік