Павлодарлық партия мүшелері жаңартылған Конституция жобасы мен ашықтық қағидатын қолдады

Павлодарлық партия мүшелері жаңартылған Конституция жобасы мен ашықтық қағидатын қолдады
Фото: Ақмарал Есімханова

Сарапшылар Конституциялық реформаға қатысты пікірлерімен бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Жаңартылған Конституция – тұрақты дамудың негізі» форумында «Ауыл» партиясының мүшелері мен қоғам өкілдері елдің Негізгі заңының басты бағыттарын талқылады.

«Ауыл» партиясы орталық аппараты басшысының орынбасары Нұрхат Ораш атап өтті. 

– Негізгі көтеріп жатқан мақсатымыз – Констициялық реформа жөніндегі комиссияның ұсыныстарын талқылау. Алдыңы аптада партияның кеңейтілген саяси кеңесін өткізіп, үндеу қабылдадық. Құжат негізінен констициялық жобаны қолдау, оны халық арасында түсіндіруге қатысты. Енді ел алдында тұрған саяси өзгерістерді павлодарлықтармен талқылауды жөн көріп отырмыз. Партия  үлкен күш болғандықтан, әр партияласымыздың сөзіне құлақ асқымыз келеді, – деді Нұрхат Ораш.

Форумға қатысушылардың айтуынша, жаңа Конституцияны әзірлеу шын мәнінде бүкілхалықтық үдеріс болды. Ол ашық диалогқа, кең сараптамалық пікірталасқа және азаматтардың белсенді қатысуына негізделген.

«Ауыл» партиясының Павлодар облысы бойынша төрағасы Болат Аманжолов саяси ұйым мүшелері көтеріп отырған басты мәселелерге тоқталды:

– Ең маңызды мәселе – аграрлық саясат. Біз ауылды және аграрлық секторды дамытуға қатысты ұсыныстарды басты орынға қоямыз. Негізгі міндет – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Мұның бәрі елдің нығаюы мен тұрақты дамуына бағытталған, – деді Болат Аманжолов.

Форум барысында конституциялық реформалардың негізгі ережелері қаралды: «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» қағидаттары, билік архитектурасының жаңартылған үлгісі, партиялардың рөлі және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуы.

Торайғыров университетінің проректоры, профессор Салтанат Әубәкірова сараптамалық пікірін білдірді. 

– Қазір конституциялық реформа туралы, әсіресе жастарға түсіндіру маңызды. Менің ойымша, бұл жұмыс – халық игілігі үшін еңбек ететін жастар алдындағы жауапкершілік. Оларға өз тілінде жеткізу қажет. Жарты ғасырдан кейін дәл осы жастар жаңа Конституцияға сүйеніп, оның қағидаттарын ұстанатын болады. Сондықтан біз қателеспеуіміз керек, – деді Салтанат Әубәкірова.

Форум қорытындысы ұсынылған конституциялық реформалардың өзектілігін және тереңдігін растады. «Ауыл» партиясы өз жауапкершілігін сезіне отырып, реформаны саяси жүйенің жаңа жетілу кезеңі ретінде қарастырады.