Павлодарлық белсенділерге жаңа Конституцияның арнайы басылымдары табысталды
Ерекше тарту еліміздің дамуына әртүрлі салада еңбек етіп, өз үлесін қосып жүрген жастарға табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Салтанатты рәсім Павлодардағы Достық үйінде өтті. Оған Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен белсенді жастар қатысты.

Жиынға қатысушылар жаңа Конституцияның қабылдануы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси реформалар бағытының заңды жалғасы болғанын атап өтті. Ата Заңның ерекшелігі тек құқықтық нормаларды бекітуінде ғана емес, ең алдымен оның негізіне алынған құндылықтарында. Құжаттың идеологиялық негізін Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» бастамалары құрайды.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко мен Павлодар облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бәкір Демеуовке Мемлекет басшысының хаты мен жаңа Конституцияның арнайы басылымы табысталды.
«Конституцияда бекітілген мызғымас құндылықтар ел игілігін арттырып, қоғамның тұрақты дамуына жол ашады деп сенемін», – делінген Мемлекет басшысының хатында.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бұл күн тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды белес екенін атап өтті.
– Ел президенті Қасым Жомарт Тоқаев жаңа Ата Заң қуатты Қазақстанның жаңа табысы деп баса белгіледі. Халықтың қалауымен 15 наурызда өткен референдумда жаңа құжат қабылданып, біздің Конституциямыз түбегейлі жаңартылды. Ол халық игілігі үшін жасалған маңызды қадам. Біздің басты мақсатымыз Конституциядағы әр сөздің күнделікті өмірдің нақты өлшеміне айналдыру. Әділдік қағида ғана емес, қоғамның берік ұстанымы болуы тиіс, – деді Асайын Байханов.
Торайғыров университетінің PhD докторы Айгерім Тәшекова үшін де бұл күннің маңызы ерекше. Оның айтуынша, жаңа Конституция елдің болашағына деген сенімді нығайтып, жастарды ел игілігі жолында еңбек етуге жігерлендіреді.

– Мен үшін бұл өте толқулы күн. Себебі, жаңа Конституциямызда ең басты құндылық – адам. Сонымен қатар, Ата заңда ғылым мен білімді қолдауға ерекше көңіл бөлінген. Бұл менің бүгінгі кәсіби қызметіммен тікелей байланысты. Жастар атынан еліміздің дамуына әрдайым қолдау көрсетіп, оның өркендеуі жолында аянбай еңбек етуге дайын екенімізді айтқым келеді, – деді Айгерім Тәшекова.
Бұл күн Павлодар қалалық «Жасыл ел» аймақтық штабының командирі Арина Краскова үшін де ерекше есте қалды.
– Жаңа Конституцияның арнайы басылымын алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл еліміздің дамуына бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыруға қосымша серпін береді. Мен экологиялық еріктілер қозғалысының өкілі ретінде «Таза Қазақстан» идеологиясының конституциялық деңгейде бекітілгенін аса маңызды деп есептеймін. Бұл – жастардың өз әлеуетін көрсетуіне берілген мүмкіндік. Сонымен қатар, волонтерліктің мәртебесінің артуы да қоғамдық жұмыстармен айналысатын азаматтар үшін өте маңызды, – деді Арина.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, Торайғыров университетінің аға оқытушысы Борис Поломарчук кейбір тарихи күндердің маңызы жылдар, тіпті ғасырлар өткен соң ғана айқындалатынын, ал кей оқиғалардың тарихи мәні сол сәттің өзінде-ақ сезілетінін айтты.
– Кейбір күндердің маңызын біз тек бір жыл, ондаған жыл, тіпті ғасырлар өткеннен кейін ғана толық түсінеміз. Бірақ тарихтың дәл көз алдымызда жаңа бетбұрыс жасап жатқанын бірден сезінетін сәттер де болады. Бүгін – сондай күндердің бірі. Біз мемлекет пен азамат арасындағы қоғамдық келісімнің негізі саналатын жаңа Конституция бойынша өмір сүре бастадық. Сондықтан, кез келген Конституция тек мемлекеттің қалай құрылғанына ғана емес, оның қандай болуы керектігіне де жауап береді, – деді Борис Поломарчук.

Саясаттанушының пікірінше, Конституция оның қағидаттары қоғамның саяси мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналғанда ғана өзінің шынайы күшін көрсетеді.
– Мемлекет басшысы кеше Парламенттің бірлескен отырысында кезекті әкімшілік реформаның басталғаны, жаңа тарихи кезеңнің келгенін және мемлекеттік басқару жүйесін терең жаңғырту қажеттігін өте дәл атап өтті. Бүгінде ерекше жауапкершілік өңірлерге жүктеледі. Өйткені, азаматтар мемлекетті күн сайын жолдардың, мектептердің, ауруханалардың сапасы, биліктің ашықтығы, мәселелердің қаншалықты жедел шешілетіні және адамға деген құрмет арқылы бағалайды. Егер бірнеше жылдан кейін халқымыз мемлекет әділеттірек, ашығырақ әрі жауапкершілігі жоғары болды деп айтса, сонда бүгін қабылданған тарихи шешім өз мақсатына жеткені. Қазақстанның жаңа даму кезеңі құтты болсын! – деді саясаттанушы.

Шара соңында жаңа Конституцияның арнайы басылымдары қоғам өмірінің әртүрлі саласында еңбек етіп жүрген белсенді жастарға табысталды. Салтанатты рәсім мемлекет пен жастар арасындағы өзара сенімнің және жаңа Конституцияда айқындалған құндылықтарды жүзеге асыру жолындағы ортақ жауапкершіліктің белгісіне айналды.