Павлодар облысында «Ауыл – ел бесігі» жобаларының қаржыландыру тәртібі өзгереді

2026 жылдан республикалық бюджеттен ауылдардың жаңғыртылуына ақша бөлінбейтін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының іске асырылуын баяндады. Биыл жоба шеңберінде жалпы 28,5 мың адам халқы бар 22 ауылды жаңғыртуға күш жұмсалады. Ағымдағы жылы 45 жобаның ішінде үшеуі – ауыспалы, яғни олар өткен жылдары аяқталмай биылға көшіп кеткен жоба болып табылады.
– Үш ауылда алты дене шынықтыру-сауықтыру кешені, екі бассейн, екі мәдениет және жарықтандыру объектілерін салу, 14 әлеуметтік нысанды күрделі жөндеу және бір жарықтандыру, ұзындығы 48 шақырым көшелерді жөндеу жобалары бар, – деді Ирина Назарчук.
Бүгінде бір жоба іске асырылды. Атап айтқанда, Шарбақты ауданы Алексеевка ауылында шағын орталықты күрделі жөндеу аяқталды. Іске асыру сатысында 35 жоба бар, олар бойынша 49 жұмыс орны құрылды. Қалған 9 жоба бойынша жұмыс әлі басталған жоқ. Оған Май ауданы Баскөл және Ақсу қаласы Сарышығанақ ауылдарында жарықтандыру құрылысы және күрделі жөндеу, Ақтоғай, Железин, Ертіс, Успен, Тереңкөл аудандарында көшелерді орташа жөндеу бойынша жобалары жатады. Жұмыстар маусым-шілде айларында басталады деп күтілуде.
– «Ауыл - ел бесігі» жобасын іске асыру басталғаннан бері барлығы 119 ауыл жаңғыртылып, облыстың 164 мыңнан астам тұрғыны үшін өмір сүру сапасы артты. Алдағы жылдары 23 мың адам тұратын 72 ауылдық елді мекенді қамту қалып отыр, – деді Ирина Назарчук.
Басымдық бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктері тұрғындарының саны 10,6 мың адамды құрайтын 26 ауылды жаңғыртуды ұсынды. Жалпы сомасы 10,8 миллиард теңгеге 76 жобаны іске асыру қажеттілігі бар.
– 2026 жылға арналған даму бюджетін қалыптастыру процесі өзгертілді. Енді республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер бөлінбейді. Күрделі шығыстар мен даму бюджеті 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерге енгізілетін болады. Ауылдардың модернизациялануы бюджетіміздің жоспардағы қаржыландыруы арқылы жүзеге асады, – деп атап өтті ол.
Бұл ретте Ирина Назарчук салалық басқармаларға күрделі шығындар және даму бюджеті бойынша салалық министрліктермен 2026 және одан кейінгі жылдарға арналған барлық қажеттілікті пысықтауды қажеттілігін айтты.
Биыл 13 жобаның ішінде алтауы 2026 жылға ауысады. Бұл ретте осы уақытқа дейін өткен жылдары аяқталмаған жобалар да бар: Алғабас, Пограничник, Қанаш Қамзин, Еңбек, Кемеңгер, Қарақала ауылдарында алты дене-шынықтыру сауықтыру кешенің құрылысы, Заңғар ауылындағы мектепте шағын орталықтың қосымша ғимараттың құрылысы.
Асайын Байханов бұл жобалардың аяқталмай қалуының бірден-бір себебін атады.
– Негізгі проблема – жосықсыз мердігерлермен ұзаққа созылған сот талқылауы. Осы аптада облыстық құрылыс басқармасы аудан әкімдерімен бірлесе отырып әр нысан бойынша шара жоспарын құрастыру керек. Керек болса құқық қорғау органдарымен жұмыс істейміз, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы қала, аудан әкімдеріне ескерту жасады. Қаражат бөлуді сұрап, кейін оны игере алмайтын басшыларға қатаң шектеулер қойылады. Бюджетті игере алмаған аудан әкімдеріне облыстық бюджеттен инвестиция қысқартылып, қаражатты дұрыс қолдана алатын аудан, қала әкімдеріне беріледі.
Облыс әкімі 2026 жылға арналған жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеуді аяқтауды және инфрақұрылымдық өзгерістерге мұқтаж қалған елді мекендерді қамту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.