Павлодарда журналистер игілікті дәстүрді қайта жандандырды
Павлодарда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы жолдастық футбол матчтарының игі дәстүрі қайта жаңғырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл дәстүрдің негізі сонау 2008 жылы қаланған болатын. Ал 2016 жылдан бастап кездесулер 11х11 форматында, яғни үлкен футбол түрінде өткізіле бастады. Осылайша үш жыл қатарынан жалғасқан турнир кейін түрлі себептерге байланысты үзіліске ұшырады.

2026 жылы БАҚ ардагері Владимир Здроктың бастамасымен және Павлодар қаласы әкімдігінің қолдауымен жақсы дәстүр қайта жанданды.
Бұл жолы журналистер мен мемлекеттік қызметшілер Орталық стадионның шағын алаңында кездесіп, тартысты ойын өткізді. Матч басталған сәттен-ақ тәжірибелі әрі шебер мемлекеттік аппарат өкілдері бастаманы өз қолдарына алып, қаламгерлердің қорғанысын жүйелі түрде бұза бастады. Журналистер шамалары жеткенше қақпаларын аман сақтап бақты. Алайда бірінші таймның ортасына қарай мемлекеттік қызметшілер есеп ашып, үзіліске дейін басымдықтарын екі есеге арттырды.

Екінші таймда БАҚ құрамасы тағы екі гол жіберіп алды. Соған қарамастан журналистер жігерлерін жоғалтпай, матч соңында бір доппен жауап қайырды.
Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілер құрамында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бәкір Демеуов өнер көрсетті. Ол 2008 жылғы алғашқы матчтың қатысушысы әрі ұйымдастырушыларының бірі болған.

Құрметті қонақтардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Павлодар қаласының құрметті азаматы Ғалымбек Жұматов болды. Ол журналистер мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы достық осы дәстүр секілді ұзақ жылдарға жалғассын деген тілегін білдірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жолдастық матчтар дәстүрі Журналистер күні қарсаңында өз жалғасын табады.