Павлодар облысында ауыл шаруашылығы үшін жайылым тапшылығы жоқ

Павлодар облысында ауыл шаруашылығы үшін жайылым тапшылығы жоқ
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірдегі жайылымдық алқаптардың жалпы көлемі 8,3 миллион гектарды құрайды. Бұл өңір аумағының 66 пайызына тең, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов 8,3 миллион гектар жайылымдық алқаптардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы 5,1 миллион гектардан астам жайылым ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің пайдалануына бекітілген.

Талдау нәтижесіне сәйкес, өңірдегі бір миллионнан астам мал басын жаю үшін 4,1 миллион гектар жайылым жеткілікті болса, іс жүзінде шаруашылықтарға 4,76 миллион гектар жайылым берілген. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жайылым тапшылығы жоқ екенін көрсетеді.

–  Сонымен қатар, облыстың 289 ауылында жайылым қоры жеткілікті. Дегенмен тұрғындардың жеке малы үшін жайылым тапшылығы әлі де сақталып отыр. Қазіргі таңда мұндай мәселе 58 елді мекенде тіркелген. Жалпы тапшылық көлемі 99,2 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төмендеді. Былтыр жайылым жетіспеушілігі 80 ауылда 109,9 мың гектар болған, – дейді Мұрат Хамитов.

Соңғы жылдары жайылым қорын ұлғайту бағытында жұмыстар жүргізілуде. 2022-2025 жылдары мемлекет меншігіне 852 мың гектар жайылым қайтарылып, оның 142,2 мың гектары тұрғындардың мал жаю қажеттілігі үшін жергілікті әкімдіктердің қарауына берілді. Сонымен қатар, шамамен 500 мың гектар жайылым конкурс арқылы қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді.