Павлодар облысында ауылшаруашылық саласында қандай мамандар жетіспейді
Электрондық еңбек биржасына жалақысы 70 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейінгі 175 ашық бос жұмыс орны орналастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында агроөнеркәсіпті кешенді дамыту мәселесі қаралды. Атап айтқанда, қатысушылар саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету ісін талқылады.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, 2023-2027 жылдар аралығында ауыл шаруашылық саласына 750 білікті маман қажет болады. Оның ішінде ағымдағы жылы 126 адам керек.
- 2023 жылы агрономия бойынша 42, ветеринария бойынша 39 және зоотехния бойынша 29 маман қажет, - дейді Альмира Дисюпова. – Бүгінгі күні электрондық еңбек биржасына 70 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін жалақысы бар 175 ашық бос жұмыс орны орналастырылды. Өкінішке орай, барлық жұмыс берушілер экономикалық жағдайдың тұрақсыздығына және сыртқы факторларға байланысты кадрларға деген қажеттілікті 3-5 жыл ішінде болжай алмайды.
Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған кадрларға деген қажеттілік пен облыстың білім басқармасының мемлекеттік тапсырысы арасындағы алшақтық тағы бір мәселе болып табылады. 2023 жылы сауалнамаға сәйкес қажеттілік 126 адамды құрайды. Ал білім басқармасының мемлекеттік тапсырысы 450 адам.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы сұранысқа ие ауылшаруашылығына қажетті мамандықтары бойынша қысқа мерзімді курстар ұйымдастырды. 2023 жылы 41 адам жіберілді. Оның ішінде тракторшы мамандығы бойынша 28 адам (68%) білім алды.
Облыста 44 колледж жұмыс істейді. Оның ішінде аудандарда сегіз аграрлық-техникалық колледж бар. Оқыту үш жұмысшы біліктілігін алу мүмкіндігімен екі деңгейлі модульдік бағдарламалар бойынша жүргізіледі. Мысалы, "ауылшаруашылығын механикаландыру" мамандығы бойынша "тракторшы-машинист" және "техник-механик" біліктілігін алуға болады.
Сондай-ақ, жұмыс берушілердің ұсыныстары негізінде қосымша пәндер енгізіледі.