Павлодар облысында ауыл тұрғындарына жаңа қолдау жобасы іске қосылады
Пилоттық жоба аясында отбасыларға жұмыс табуға, кәсіп ашуға және табысын арттыруға көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, «Ауылды дамыту командасы» жобасы Павлодар, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жүзеге асырылады.
Жаңа тәсіл бойынша мамандар әр ауыл отбасының жағдайын жеке зерттеп, қажеттілігіне қарай қолдау көрсетеді. Тұрғындарға жұмысқа орналасу, жаңа мамандық меңгеру, кәсіп бастау және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу жолдары түсіндіріледі.
– Қолданыстағы қолдау шаралары туралы ақпарат берумен ғана шектелмей, әр отбасының қажеттілігін түсініп, табысын арттыруға, жұмысқа орналасуға және өз ісін ашуға нақты мүмкіндіктер табуға көмектесу маңызды. Бұл мемлекеттік қолдаудың нақты әрі нәтижелі болуына мүмкіндік береді, – деді Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.
Жобаға жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік және құқықтық көмек салаларының мамандары тартылады. Олар тұрғындарды оқуға жіберуден бастап, грант алуға және жеке кәсібін ашуға дейін сүйемелдейді.
Аудан деңгейінде бұл жұмысты «Ауыл менеджері» үйлестіреді. Ол ауыл тұрғындарына мемлекеттік қолдау тетіктерін, соның ішінде жеңілдетілген несие мен грант алу мүмкіндіктерін пайдалануға көмектеседі.
Қазір Түркістан облысының Сауран ауданындағы Бабайқорған ауылдық округінде алғашқы жұмыстар басталған. Мұнда ауыл менеджері тағайындалып, команда құрылды және тұрғындарды қолдау жоспары бекітілді.
Қолдау құралдарының бірі – жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен микрокредит беруді көздейтін «Ауыл аманаты» бағдарламасы.