Павлодарлық кәсіпкерлерді Рамазан айында арақ-шарап сатпауға шақырды

Павлодарлық кәсіпкерлерді Рамазан айында арақ-шарап сатпауға шақырды
Фото: ӨКҚ

Өңіріміздің бас имамы қайырымдылыққа атсалысып, азық-түліктерді мұқтаж жандарға таратуға үндеу жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2025 жылғы 1 наурыз күні барлық мұсылмандар 30 күнге созылатын «Рамазан айты» оразасының басталуын атап өтеді. Осы ай бойы ниет білдірген мұсылмандар  ауыз бекітеді. Ауыз бекіту дегеніміз таңғы намаздан кешкі намазға дейін белгілі бір талаптар мен уақыт шектеулерін ұстануды білдіреді. 

– Қасиетті айда қайырымдылық іс-шараларға үлес қосуға шақырамыз. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық. Бұл айда тек табысқа кенелуге емес, Хақтың разылығы мен халықтың алғысын алуға асыққан абзал. Дүкендерде арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз. Кәсіпкерлер қайырымдылыққа атсалысуға, мұқтаждарға көмек беруге, қырқы, жылы астарын ауызашар уақытында өткізуге, азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға, ауызашар мәзірін халыққа қолжетімді етуге шақырамыз, –  дейді Павлодар облысының бас имамы Жолдас Бертымұратов.

Бас имамның сөзінше, Мәшһүр Жүсіп мешітінде 30 күн бойы 100 кісіге арналған тегін ауызашар беріледі. Сондай-ақ, азық-түлік қораптары таратылады. Барлығы қайырымдылыққа жұмсалынады. Ораза ұстау – бұл аштық емес, Алланың разылығы үшін ұстауы керек. Алла ниетімізге, ықыласымызға қарайды.

– Рамазан айының басталуының ең бірінші нышаны, яғни белгісі – бір күн бұрын Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаху әлейхи уә сәллам) сүннетіне сәйкес оқылатын тарауық намазы Павлодар облысының мешіттерінде 28 ақпан күні құптан намазынан кейін басталып, 28 наурызға дейін оқылады, – дейді ол.

Сонымен қатар, тарауық намазынан кейін жасы үлкен кісілер үшін арнайы Химқалашық, екінші Павлодар және Дачный аудандарына тегін көліктер қатынайды.  

Қасиетті айда ораза ұстаушы мұсылмандар таңның атысынан күннің батысына дейін белгілі бір әрекеттерден тыйылулары қажет.  

Рамазан айындағы оразадан екіқабат және бала емізетін әйелдер, науқас және қарт адамдар, жеті жастан кіші балалар, сонымен бірге, белгілі бір себептермен ораза ұстай алмайтын жандар – мәселен, жауынгерлер мен жолаушылар босатылады.

Оразаның соңына қарай мұсылмандар 2025 жылдың наурыз айының 26-нан 27-не қараған түні қасиетті Қадір түнін қарсы алады.  

Бұл уақытты мұсылмандар ұйықтамай, намаз бен құлшылық жасап, садақа беріп, ізгі амалдар жасаулары тиіс. Қадір түнін мұсылмандар мен қарапайым азаматтар  үйлерінде немесе жақын жердегі мешіттерде өткізеді. 

Айта кетейік, Sadja мобильді қосымшасы арқылы ауызашардың уақытын білуге болады. Арнайы мұсылмандық қосымша әлемнің кез келген жерінде намаз уақытын білуге көмектеседі. Қолданушылар үшін намаз уақытының келгені және басқа да пайдалы функциялар қолжетімді.

Пітір садақасының көлемі 655 теңгені құрайды.