Павлодар облысында ауылдарға кіреберіс жолдарды жөндеуге ерекше көңіл бөлінуде

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асырудағы негізгі міндеттердің бірі – азаматтардың қауіпсіз әрі жайлы жүруін қамтамасыз етуге бағытталған жол инфрақұрылымын дамыту, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Бұл шаралар халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыстың маңызды бөлігі болып саналады, – деді Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов.
Жолдауды іске асыру аясында 2024 жылы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдар мен Павлодар облысындағы елді мекендердің көшелерінің 795 шақырымы қайта жаңартылып, жөнделді. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда 6%-ға артық (2023 жылы – 742 шақырым).
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға жетті.
– Елді мекендердегі сапалы жол инфрақұрылымын қамтамасыз етуге, сондай-ақ ауылдарға кіреберіс жолдарды жөндеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Соңғы екі жылда ауылдарға кіреберіс 59 жол жөнделді (2023 жылы – 20, 2024 жылы – 39). Қалған 62 жолды жөндеу жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған, – дейді Серік Батырғожинов.
Қалалық және ауылдық инфрақұрылымды жақсарту мақсатында елді мекендерде 290 шақырым жол жөнделді. Сонымен қатар, ауылдарда жайлы өмір сүру жағдайларын жасауға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы қарқынды жүзеге асырылуда.
Көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша ірі нысан – Павлодар қаласында Ертіс өзені арқылы жаңа көпір құрылысының басталуы. Бұл көпір елді мекендер арасында ыңғайлы байланысты қамтамасыз етеді. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланған.