Павлодар облысында бұрынғы нашақорлар еріктілерге айналды

Жыл басынан бері облыс көлемінде 770-тен астам профилактикалық іс-шара өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында есірткі қылмыстарының алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Олардың қатарында: мектептер мен колледждерде дәрістер мен тренингтер, спорттық жарыстар, денсаулықты насихаттайтын марафондар мен конкурстар бар.
Бұл шаралар барысында оқушыларға есірткі заттарының адам денсаулығына және өміріне тигізетін зияны түсіндіріліп, құқықтық жауапкершілік туралы нақты мәліметтер берілді.
Бұл шаралар жергілікті атқарушы органдардың, соның ішінде Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалалары әкімдіктерінің қолдауымен жүзеге асқан.
– Біздің мақсатымыз жасөспірімдерге дұрыс бағыт көрсету, олардың есірткі мен алкогольге қызығушылығын болдырмау. Проблеманы кейін шешкеннен гөрі, алдын алу әлдеқайда тиімді, – дейді Павлодар облысы полиция департаменттінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқарма бөлімінің бастығы Ирина Тимиргалиева.
Есірткіге қарсы күрестің бір бағыты – салауатты өмір салтын насихаттау.
Облыста жыл сайын дәстүрлі түрде жастар фестивальдері, спорттық жарыстар мен марафондар өткізіледі.
Сонымен қатар, қылмыстық жазасын өтеп шыққан азаматтармен де жұмыс жүргізілуде. Олар қоғамдық жұмыстарға, еріктілік қозғалыстарға тартылып, наркограффити жою акцияларына қатысуда.
Ирина Темиргалиева ата-аналар мен қоғам өкілдерін балаларға көбірек көңіл бөлуге шақырды.
– Жастарға назар аударып, олармен ашық сөйлесіп, сенімді байланыс орнату ең тиімді профилактика. Әр ата-ана баласын бақылап қана қоймай, түсінуге тырыссын. Өйткені есірткінің кесірі – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның қасіреті, – деді ол.
Жыл басынан бері облыс аумағында 100-ден астам есірткі жарнамасына қатысты интернет-сілтемелер бұғатталды.
– Полиция өкілдері мен психологтар ата-аналар үшін арнайы семинарлар өткізіп, жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістер мен тәуелділіктің алғашқы белгілерін тану жолдарын түсіндіреміз, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде жастардың өздері түсірген антинаша бейнероликтері мен челлендждер де танымал бола бастады.
Мұндай бастамалар қоғамда оң көзқарас қалыптастырып, жастарды белсенді азаматтық ұстанымға тәрбиелейді.
Павлодар облысында нашақорлықтың алдын алу жұмыстары тек құқық қорғау саласымен шектелмейді. Бұл – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және қоғам белсенділерінің ортақ ісі.
Әрбір жас – елдің ертеңі. Егер біз бүгін оларға дұрыс бағыт берсек, ертең нашақорлыққа жолды жабамыз.