Павлодар облысының тұрғындары спортқа қанша уақыт бөлуде?

Қызығушылық артып келеді, бірақ белсенділік деңгейі әлі төмен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда спорт саласындағы қызмет көлемі өсіп келе жатқанымен, халықтың жартысынан көбі спортпен мүлде айналыспайды. Павлодар облысы бұл үрдістен тыс қалған жоқ: өңірде спорттық инфрақұрылым дамып жатқанымен, тұрғындардың спортқа тұрақты қатысу деңгейі төмен болып отыр.
Finprom.kz сайтының ақпаратына сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстан бойынша спорт саласында көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі 163 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға артқан. Соның ішінде Павлодар облысы 7,7 миллард теңгелік спорт қызметін ұсынып, 14 пайыз өсімге қол жеткізді.
Аймақ бойынша ең көп қызмет көлемі Астана, Алматы және Қарағанды облысына тиесілі. Бұл үш өңір жалпы көрсетілген спорт қызметтерінің 58,6 пайызын құрап отыр.
Павлодар облысында спортпен айналысу жиілігі – 2025 жылы орта есеппен аптасына 1,6 күнді құраған. Бұл көрсеткіш елдегі орташа деңгейден төмен. Респонденттердің басым бөлігі (99,4 пайызы) бір рет жаттығуға 5-100 минут қана уақыт бөледі.
Бағалар да айтарлықтай өскен. Өңірде спортзал абонементтерінің құны бір жылда 23,1 пайызға қымбаттаған, бұл – республика бойынша ең жоғары өсімдердің бірі. Ал бассейн абонементтерінің бағасы небары 4,4 пайызға ғана артқан – бұл елдегі ең төмен өсім көрсеткіштерінің бірі.
Бұл ретте, Павлодар облысы спорт қызметтерін ұсыну жағынан қарқын алып келе жатқанымен, халықтың спортқа белсенді қатысу деңгейі мен тұрақты жаттығу жиілігі әлі де төмен екенін байқауға болады.