Павлодар гарнизонында әскери прокурорлармен кездесу өтті

Павлодар гарнизонында әскери прокурорлармен кездесу өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жиын «Сарбазға прокурорлық кеңес» атты жалпыреспубликалық профилактикалық шара аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланының 5512 әскери бөлімінде Павлодар облысы прокурорының орынбасары  Ербол Исаков,  Павлодар гарнизонының әскери прокуроры Ғалымжан Серім мен прокуратура органдарының ардагері Юрий Фельдман мерзімді қызметтегі әскери қызметшілермен кездесті.

Іс-шара «Сарбазға прокурорлық кеңес» жалпыреспубликалық акциясы аясында ұйымдастырылып, «Заң мен тәртіп» Конституциялық қағидатын ілгерілетуге, жеке құрамның құқықтық сауаттылығын дамытуға, әскери тәртіпті нығайтуға және жастардың бойында патриотизмді қалыптастыруға бағытталған.

Кездесу барысында әскери прокурор әскери қызмет туралы заңнаманың талаптарын түсіндірді, әскери қызметшілердің құқықтары мен міндеттеріне, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне назар аударды.

Прокуратура органдарының ардагері кәсіби және өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, әскери борышын адал орындаудың, тәртіпті сақтаудың, антқа адалдықтың және әрбір әскери қызметшінің жеке жауапкершілігінің маңыздылығын атап өтті.

Ашық диалог форматында әскери қызметшілер қызмет өткеру, әлеуметтік кепілдіктер және құқықтық қорғау мәселелеріне жауап алды.

Жиын қорытындысы бойынша қызметте оң нәтижелерге қол жеткізген жекелеген әскери қызметшілер Бас әскери прокурордың атынан Алғыс хаттармен марапатталды.