Павлодар облысында балалар мен жастарға арналған бес жаңа жоба іске қосылды

Павлодар облысында балалар мен жастарға арналған бес жаңа жоба іске қосылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол – еріктілікті дамытуға, құқықтық және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, еңбекке баулуға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл бастама «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Онда балабақша тәрбиеленушілерінен бастап колледж студенттеріне дейінгі жастарды қамтиды.

М.Катаев атындағы оқушылар сарайының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Бағлан Ашенованың айтуынша, әр бастама балалардың бойында жауапкершілік, мейірімділік, еңбекқорлық пен қоғамға пайдалы болуға ұмтылыс қалыптастыруды көздейді.

– Біздің мақсатымыз – балаларға тәрбие туралы айтып қана қоймай, оны күнделікті өмірде көрсетуге мүмкіндік беру. Жобалар арқылы олар үлкендерге көмектесуді, табиғатты қорғауды, заңды құрметтеуді, еңбек адамының қадірін түсінуді және отбасылық құндылықтарды сақтауды үйренеді, – деді ол.

Мәселен, «Ұрпақ жарығы» мегажобасы балалар мен жастар арасында волонтерлік мәдениетті қалыптастыруға арналған. Оның аясында төрт бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі.

«Ұрпақтар сабақтастығы» бағыты аға буын өкілдеріне қолдау көрсетуге және олардың цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған. «Мейірімді жүректер» ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көмектесуге бағытталған. Ал «Сытый хвост» жануарлар мен құстарға қамқорлық жасауға, «Эко-импульс» қоршаған ортаны қорғауға үндейді.

Қазаннан тамызға дейін қайырымдылық акциялары, экологиялық шаралар, қысқы көмек науқандары, мерекелік концерттер мен жазғы лагерьлердегі волонтерлік жұмыстар ұйымдастырылады. Жоба тамыз айында өтетін «Ізгі істер аумағы» балалар форумымен қорытындыланады.

Ал «Заң өзіңнен басталады!» ұранымен жүзеге асатын «ZanTrend#PVL» жобасы балалар мен жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған. Негізгі міндеттері – буллингтің алдын алу, қауіпсіз орта қалыптастыру, цифрлық қауіпсіздік ережелерін түсіндіру және құқық бұзушылықтың алдын алу.

Жоба аясында челлендждер, байқаулар мен түрлі акциялар өткізіліп, тақырыптық бейнематериалдар әзірленеді. Қатысушылар әлеуметтік желілерде #PVL_ZanTrend хештегін қолданады.

Жобаның қорытындысында құқықтық мәдениетті нығайтуға және мектептердегі қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған үздік тәжірибелер жинағын әзірлеу жоспарланған.

Сонымен қатар, жастарды табиғатқа жауапкершілікпен қарауға,  балалардың экологиялық мәдениетін дамытуға бағытталған, яғни «Таза Қазақстан» бастамасымен үндесетін «Eco-Qadam» жобасы бар. Оған облыстағы балабақшалардың, мектептердің, арнайы мектеп-интернаттардың және колледждердің тәрбиеленушілері мен білім алушылары қатысады.

Жоба барысында қатысушылар жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдаланып, экологиялық бейнероликтер, интерактивті ойындар, цифрлық әңгімелер мен комикстер жасайды.

Ерекше жобалардың бірі – 2026–2027 оқу жылына арналған «ПрофиStars» жобасы жастардың жұмысшы мамандықтарына қызығушылығын арттырып, болашақ кәсібін саналы таңдауына көмектеседі.

Осы мақсатта кәсіпорындарға экскурсиялар, еңбек ардагерлерімен және кәсіби шеберлермен кездесулер, шеберлік сабақтары, еңбек акциялары мен байқаулар өткізіледі. Сонымен қатар мамандықтар туралы сұхбаттар, подкасттар және қысқа бейнероликтер әзірленеді.

Жоспарға «Наурыз шеберлері» қолөнер айлығы, «Марафон профессий» байқауы, «PROФИ stars» кәсіби бағдарлау жобасы және жазғы кәсіби сынамалар енгізілген.

– Баланың болашақ мамандығын дұрыс таңдауына ерте жастан бағыт-бағдар беру маңызды. Сондықтан біз «көр, байқап көр, ой елегінен өткіз, таңда» қағидатын ұстанамыз. Жасөспірімдер әртүрлі кәсіппен танысып, мамандардың жұмысын көріп, өз қабілетін сынап көруі керек, – деді Бағлан Ашенова.

Бесінші мегажоба отбасы, мектеп және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға арналған. «Тәрбие ошағы» аясында ата-аналардың педагогикалық мәдениетін арттыру, ұлттық дәстүрлерді сақтау және балалар тәрбиесіне ортақ жауапкершілікті қалыптастыру көзделген.

Жоба шеңберінде «Аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аққу», «Мирас», «Аталар мектебі» және «Жеңгелер мектебі» клубтарының жұмысы жандандырылады. Сонымен қатар ата-аналарға арналған консультациялар, тренингтер, отбасылық фестивальдер, байқаулар мен тәрбиелік кездесулер ұйымдастырылады.

– Бала тәрбиесі тек мектептің немесе ата-ананың міндеті емес. Бұл – ортақ жауапкершілік. Отбасы мен білім беру ұйымдары бірлесе жұмыс істегенде ғана бала бойына ізгілік, сыйластық, жауапкершілік сияқты қасиеттерді сіңіре аламыз. «Тәрбие ошағы» жобасы осы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті әдістемелік бөлім меңгерушісі.

Осылайша, бес мегажоба балалар мен жастардың жан-жақты дамуына, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына және отбасы, білім беру ұйымдары мен қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.