Павлодарлық мектептерде Илон Масктың жобасынан бас тартпақ

Павлодарлық мектептерде Илон Масктың жобасынан бас тартпақ
Фото: pexels.com

Бұл – оқушылардың бөгде сайттарға кірмеуі үшін қабылданатын шара, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында биыл облыстың 33 мектебінде төмен орбиталық «Starlink» спутниктік интернеті орнатылды. Тек Ресеймен шекаралас Успен ауданының Қаратай ауылында аталмыш қондырғы қойылған жоқ. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әміриннің сөзінше, оған геосаяси жағдай себеп болды. 

– АҚШ-тың спутнигі болғандықтан, кәсіпорынның талабына сәйкес, ол Қытай және Ресей шекарасында тұрған елді мекендердегі мектептерге қойылмайды. 2 желтоқсанда Оқу-ағарту министрлігі жабдықты қайта орнатуға рұқсат беру үшін бұйрық шығарды. Әр жабдықтың өз коды мен координаттары бар, оларды өзгерту керек. Сондықтан Успен ауданында қойылмаған жабдық Баянауыл ауданындағы Шөптікөл ауылына, ал Ақтоғай ауданының жабылып қалған мектебіндегі қондырғысы Аққулы ауданындағы мектепте орнатылды,– деді Ағыбай Әмірин.

Тек қана білім беру ордаларында қолданылып жатқан Илон Масктың «Starlink» желісі жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізсе де, балаларға қауіпті болуы мүмкін. Бұл мәселені басқарма қарастырып, шешімін тапты. 

– Өкінішке орай, бұл байланыс ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді. Мектептерде, кез келген мемлекеттік органдарда берілетін интернеттің өзінің бір шлюзі бар. Арнайы осындай шектеулер арқасында қолданушы интернетте қызықтыратын, яғни тыйым салынған сайттарға кіре алмайды. «Starlink» желісінде осындай мүмкіндік жоқ. Сондықтан болашақта басқа мектептерде аталмыш спутниктің қондырғыларын орнатпаймыз. Келесі жылдан бастап «OneWeb» желісі кіреді. Ол қымбат болғанымен, қауіпсіздік сертификатымен қамтамасыз етілген, – деді Ағыбай Әмірин.

Бүгінде бейінді министрлік «Starlink» спутнигіне қосылған 33 мектепте тыйым салынған кейбір интернет-ресурстарға қолжетімділікті шектеу үшін тиісті жұмыс жүргізуде.  Интернеттің жылдамдығы әлі де 86 алты мектепте әлсіз.

Айта кетейік, облыстық бюджеттен ай сайын «Starlink»-тің бір нүктесіне 279 мың теңге төленеді.