Павлодар облысында балықтардың қырылуына қарсы акция басталды

Павлодар облысында балықтардың қырылуына қарсы акция басталды

Су айдынын оттегімен қамтамасыз ету үшін мұз ойықтары жасалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар ауданы Достық ауылында орналасқан Қаракөл көлінде балықтың қырылуына қарсы алдын алу мақсатында акция өтті. Шара «Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының» жер қойнауын пайдалану басқармасы мен «Павлодар ормандар мен жануарларды қорғау мекемесінің» бірлескен күшімен ұйымдастырылды. 

Акция аясында су айдынын оттегімен қамтамасыз ету және тұрақты төмен температура жағдайында судағы тіршіліктердің қырылуына жол бермеу мақсатында мұз ойылып, аэрация жұмыстары жүргізілді. Жұмысқа 20 адам жұмылдырылып, көлде шамамен 70 мұз ойығы бұрғыланды. 

Қазіргі уақытта балықтың қырылуына қарсы шаралар Павлодар облысының барлық аумағында жүргізілуде. Оларды жүзеге асыруға бес мемлекеттік мекеме тартылған. Олар су айдындарының жай-күйіне жүйелі түрде мониторинг жүргізіп, қажетті алдын алу шараларын жасауда. 

Бұдан бөлек, қатты аязға байланысты облыстың орман қорғау мекемелері жабайы жануарларға көмек көрсету жұмыстарын жандандырды. Биотехникалық іс-шаралар аясында 335 азықтандыру ошағы орнатылып, 535 кг тұз төселді. Әрі 14 тонна шөп дайындалып, 9,8 мың дана жемшөп буылды. Азықтандыру орындары апта сайын толтырылып отырады, қосымша түрде жануарлардың азыққа еркін жетуі үшін биотехникалық нысандарға баратын жолдар тазартылуда. 

Аталған іс-шаралар алдағы уақытта да жоспарлы түрде жалғасын табатын болады.