Павлодар облысында барымташыларды ұстады
Қазан айынан бастап 25 жылқы ұрланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қылмыскерлер бірлесіп әрекет етіп, арнайы көлікпен түнде малды 150-ден 300 шақырым жерге дейін айдап әкетіп отырған.
– Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері мал ұрлығы 33%-ға төмендеді. Ұрланған малдың жартысынан көбі иелеріне қайтарылды. Мал ұрлығы үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Құрметті азаматтар, мал ұрлығын айтарлықтай азайтып, қылмыскерлерге малды ұрлауға мүмкіндік бермеу үшін тек бірлескен күш-жігеріміз қажет. Ол үшін жайылымдарда малды бақылаусыз жайылуына жол бермей, тиісті бақылауды қамтамасыз ету жеткілікті, – деді криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Республика бойынша «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оған 3,5 мыңнан астам полиция қызметкері және ауыл шаруашылығы мен ветеринарлық бақылау басқармаларының 400-ге жуық маманы қатысқан.
Үш күн ішінде мал мен ет өнімдерін тасымалдаған 12 мың автокөлік, 3,5 мың сату орны, 8,5 мың ферма мен шаруа қожалықтары тексерілді. 121 мал ұрлығы ашылып, 137 күдікті, оның ішінде 19 қылмыстық топ ұсталды. 905 мал басы иелеріне қайтарылды.