Павлодардағы мекемеге тыйым салынған зат жеткізілмек болған
Есірткі құрылыс материалдарын жеткізіп келе жатқан көлікті тексеру кезінде анықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№46 мекемеде тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің жолы кесілді. Дерек «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы мен «Заслон» режимдік-профилактикалық шарасы аясында анықталды.
Мекеменің жедел бөлім қызметкерлері Ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен бірлесіп құрылыс материалдарын алып келе жатқан жүк көлігін тексерген.
Тексеру барысында ПВА желімінің екі құтысы табылып, олардың ішінен өсімдік тектес зат пен алдын ала мәлімет бойынша гашиш майы болуы мүмкін сұйықтық салынған құтылар анықталған.
– Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, тиісті сараптамалар тағайындалды, – деді облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта тәркіленген заттардың нақты құрамын анықтау үшін сараптама жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.