Павлодар облысының бас құтқарушысы: Өрттің басты себебі – салғырттық
Облыс әкімі Асайын Байханов аудан басшыларына өрт маусымына дайындықты күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Бүгінгі таңда өрт қауіпсіздігі бойынша бір мәселе бар. Бұл сұрақ бұған дейінгі отырыстарда қозғалмаған болатын. Яғни, аудандарда ерікті өрт сөндірушілер құрылымын құру. Бүгінде Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Шарбақты, Павлодар, Аққулы аудандарында аталмыш жұмыстар жүргізілмеген, – деді облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыс барысында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев.
Сондай-ақ, өңірдің бас құтқарушысы облыс әкімінен аудан әкімдеріне аталмыш жұмыстарды өрт маусымына дейін атқару бойынша тапсырма беруді сұрады. Ол жұмыстардың кешіктірілуіне салғырттық себеп болғанын атап өтті. Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан бұл жұмыстарға көмек көрсетілетін болады.
– Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Шарбақты, Павлодар, Аққулы аудандарының әкімдері тарапынан бақылаудың төмендегені байқалады. Бұл – сіздердің жауапкершіліктеріңіз. Өрт – тілсіз жау және айтып келмейді. Ерікті өрт сөндірушілер құрылымын құру жұмыстарын екі аптада аяқтауды тапсырамын, – деді Асайын Байханов.
Аймақ басшысы аталмыш жұмыстарға жауаптыларды бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кету керек, ағымдағы жылы өртке қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға, табиғи өрттердің алдын алу және өрт сөндіру техникасын сатып алуға қалалық аймақтық ауқымда шамамен 276 миллион теңге қаражат бөлінді.
Облыста өрт өрт сөндіру машинасы, 19 бейімделген техникамен қаруланған 1703 адамнан тұратын 126 ерікті өрт сөндірушілер құрылымы жұмыс істейді.