Павлодар облысында базалық макро көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады
Өңірлік жедел штаб отырысында облыстың экономикалық өсімін қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өңірде барлық базалық макро көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі – 8,5%, 1,1 триллион теңгеге өнім өндірілді. Жеңіл өнеркәсіп саласы (94,8%) және металл емес минералды өнімдер өндірісі (92,9%) сәл төмендеген.
Ауыл шаруашылығы саласының өнім көлемі 6,3%-ға (114,1 миллиард теңге) ұлғайды, соның ішінде мал шаруашылығы өнімдерінің өсімі қамтамасыз етілді (107,0%, 99,1 миллиард теңге). Жалпы сала бойынша дәнді дақылдардың өнімділігін арттыруды ескере отырып, барлық жоспарланған жылдық көрсеткіштерге қол жеткізу күтілуде.
Өңірдегі ішкі сауда 5,5%-ға өсті (737,9 миллиард теңге). Бөлшек сауда айналымы 5%-ға (346,6 миллиард теңге), көтерме сауда айналымы 5,6%-ға (387,7 млрд. теңге) артты.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 139,1 миллиард теңгені құрады, бұл – 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,1%-ға артық. 176 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру қамтамасыз етілді (107,3%).
Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында өңірде 564 пәтерлі тағы 7 несиелік үй салу, сондай-ақ, жалпы сомасы 15,8 млрд. теңгеге 1029 жалға берілетін пәтер сатып алу жоспарланған.
Көлік секторында қызмет көрсету көлемі 7,8%-ға (157,6 миллиард теңге) ұлғайды. Бұл ретте теміржол көлігімен қатынайтын жолаушылар айналымының 3,6%-ға төмендегені байқалады.
Штаб жұмысының қорытындысы бойынша облыс әкімі Асайын Байханов статистикалық есепті тапсыруды бақылауда ұстауды, макрокөрсеткіштерге тұрақты мониторинг жүргізуді және қамтамасыз етуді, сондай-ақ, инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыруды тапсырды.