Павлодар облысында биылғы егін түсіміне болжам жасалды
Көктемгі дала жұмыстарын маусым айының бірінші онкүндігінде аяқтау жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов мәлім етті.
– Бүгінде 570 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, бұл 39 пайызды құрайды. Нақтырақ айтқанда, дәнді дақылдар – 32 пайыз, көкөніс пен бақша – 75 пайыз, майлы дақылдар – 57, мал азығы – 47 пайызға егілді. Құрал-жабдықтар толығымен дайын, – дейді Есентай Мүрсәлімов.
Көктемгі дала жұмыстарына шаруаларға 25,7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі мың тоннаға артық. Бүгінгі таңда облыс диқандарымен 23 мың тоннаға келісімшарт жасалып, 15,4 мың тоннасы төленіп, 13,7 мың тоннасы жөнелтілді.
Өсімдік шаруашылығын қолдауға жалпы сомасы алты миллиард теңгеге жуық субсидия бөлінді. «Бәйтерек» ҰБХ АҚ ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен жинауға жалпы сомасы 12,3 миллиард теңгені құрайтын 284 несие берді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі де биылғы жылға болжамымен бөлісті. Оның айтуынша, биылғы маусымда гектарына он центнерден астық жиналады деп күтілуде.
Айта кету керек, ағымдағы жылы егіс алқаптарын әртараптандыру аясында майлы және мал азықтық дақылдар егістерін кеңейту есебінен ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды егіс көлемі өткен жылғы деңгейден 20,3 мың гектарға артты. Өңірдегі егістік көлемі 1,6 миллион гектардан асады.