Павлодар облысында чипсы өндірісіне арналған жобаның тағдыры не болмақ?

Қазіргі уақытта жоба инвестицияға дейінгі кезеңде тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Қаленовтің айтуынша, инвестор жобаны іске асыруға дайын, алайда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеуге қатысты ережелеріне өзгерістер енгізу қажет.
– Қолданыстағы ережелерге сәйкес, мысалы, 25 пайыздық өтеу үлесі тек жылына 140 мың тонна картопты өңдейтін зауыттарға ғана қарастырылған. Ал біздің жоба 10 мың тоннаға есептелген, сондықтан қазіргі талаптарға сәйкес келмейді. Министрлік бұл бағытта өзгерістер енгізу жұмыстарын бастады, бірақ төменгі шек қаншалықты төмендейтіні әзірге белгісіз, – деп түсіндірді Әлібек Қаленов.
Жобаның тағдыры салалық министрліктің шешіміне тікелей байланысты. Қазіргі таңда инвестор жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеумен айналысуда және Ақсу қаласының индустриялық аймағынан өндіріс орнын орналастыру үшін жер телімі анықталған.
Болашақ зауыттың негізгі бағыты – GRIZZLY және SLANG брендтерімен картоп чипсыларын шығару. Өндірістің іске қосылуы 2025–2026 жылдарға жоспарланған. Өнімнің негізгі бөлігі ішкі нарықта сатылатын болады, алайда экспорттық жеткізілімдер де қарастырылған.