Павлодар облысында дүкеннен камера ұрлаған әйел қолға түсті
Қазіргі таңда ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласының тәртіп сақшыларына сауда үйлерінің бірінің өкілі хабарласып, бейнекамераның ұрланғаны туралы арыз жазған. Полиция қызметкерлері сауда үйінде орнатылған бейнебақылау камераларының жазбалары арқылы күдіктінің ізіне түскен.
Кадрлардан белгісіз әйел тұрмыстық техника дүкеніне кіріп, сөрелердің жанынан өтіп бара жатып, құны 50 мың теңгеден асатын бейнекамераны алғаны көрінеді. Кейін ол кассадан төлем жасамай өтіп, ештеңе болмағандай дүкеннен шығып кеткен.
Сол күні-ақ полицейлер Павлодар облысының 23 жастағы тұрғынын анықтады. Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде «елден шықпау туралы қолхат» түріндегі шара таңдалған.