Екібастұздық құтқарушылар жолда қалған әке мен баланы құтқарды

Екібастұздық құтқарушылар жолда қалған әке мен баланы құтқарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жолаушылардың автокөлігі Астана-Павлодар автожолында бұзылып қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

– 112 желісіне республикалық маңызы бар Астана – Павлодар автожолында автокөліктің бұзылуына байланысты жүргізушіден көмек сұраған хабарлама түсті. Қозғалтқыштағы ақауға байланысты көлік мүлде от алмай қалған. Жолдан өтіп бара жатқан көліктер де тоқтамаған, - делінген хабарламада.

Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар жүргізуші мен оның кәмелетке толмаған баласына көмек көрсетті.

– Қиын кезде көмекке келген Екібастұз қаласының құтқарушыларына зор алғысымды білдіремін. Жолда көлігімнің аяқ асты от алмай қалуы жағдайды күрделендірді. Әрі жанымда кішкентай балам бар еді.Құтқарушылар жылдам әрі сапалы түрде көмек көрсетті,  - деді жолаушы.

Әкесі мен баласын мамандар Шідерті кентіндегі мешітте орналасқан жылыту пунктіне жеткізген.