«Saryarqa samaly»-ның жаңа санында: Радио шыңындағы Шынар. «Масс-медиа» туралы заңнан не күтеміз?
«Saryarqa samaly» газетінің 27 маусым, сейсенбілік нөмірінде жарық көретін негізгі материалдарға аңдатпа ұсынамыз.
«Шынарааа-у деп шақырсам» деген ән «Halyq Radiosy»-нан шырқалғанда аталған ұжымның белді журналисі Шынар Мәденова еріксіз ойға оралады. Дидарын көрмесе де, көшеде дауысынан танып жататын тыңдармандар оның кәсіби шеберлігін жоғары бағалайды. Бұқаралық Ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында әріптесіміз жайлы әзірленген мақаланы оқи аласыздар. Сол сияқты баспасөз қызметі саласында еңбектеніп жүрген маманның қызметімен етене танысасыздар.
Бүгінгі таңда Май ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Биыл ауданда бір мезетте бірнеше ауылдық округтің кіреберіс және ауылішілік жолдарына күрделі жөндеу жүргізіліп, әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды. Аталмыш бағдарлама аясында нақты қандай жобалар қолға алынды? Жұмыстар қашан аяқталады? Оны газетіміздің ертеңгілік нөмірден біле аласыздар.
Елімізде бір жыл бойы қызу талқыланып келе жатқан «Масс-медиа» туралы заң жобасы жақында Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылды. Алайда, халық қалаулылары құжаттың «бір қайнауы ішінде» екенін айтып, тағы да толықтырулар енгізу қажет деген мәмілеге келді. Қоғамда түрлі пікір тудырған жаңа заңда қандай өзгерістер болуы мүмкін? Жалпы, кімдердің мүддесі қорғалмақ? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
Өкінішке қарай, соңғы уақытта облыс орталығындағы бірнеше тұлғаның құрметіне қойылған ескерткіштер есірткі сататын интернет-дүкендердің «ордасына» айналып тұр. Бұл қалай болғаны сонда? Заңсыз сатушылардың «дәурені» жүріп тұрғаны қалай? Сейсенбілік нөмірде саралап көрдік.