Павлодар облысында датчиктің арқасында екі адам өрт кезінде аман қалды
Өрт сөндірушілер жанған үйді екі сағаттан астам уақыт сөндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
12 қаңтарға қараған түні 01:35-те «112» қызметінің пультіне Екібастұз ауданына қарасты Төрткұдық ауылында жеке тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақырту бойынша жедел жеткен өрт сөндіру бөлімшелері үш бөлмелі тұрғын үйдің шатыры мен қосалқы құрылыстағы өртті сөндіруге кірісті.
Өрт кезінде іске қосылған көміртегі тотығы датчигінің арқасында үй ішінде болған екі тұрғын дер кезінде терезе арқылы сыртқа шығып, аман қалды. Зардап шеккендер жоқ.
Өрт сағат 03:20-да толықтай сөндірілді. Оқиға орнында Екібастұз қаласының ТЖБ-ға қарасты 4-ӨСБ күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығу себебі – тұрғындардың отқа абайсыздығы.
Облыстық ТЖД азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырып, тұрғын үйлерге көміртегі тотығы датчиктерін орнатуды ұсынады.