Қазақстан жаңа парламенттік дәуірге қадам басты – павлодарлық саясаттанушы

Қазақстан жаңа парламенттік дәуірге қадам басты – павлодарлық саясаттанушы
Фото Борис Поломарчуктың жеке мұрағатынан

V Ұлттық құрылтайдың аяқталуы саяси дамудың жаңа кезеңіне айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл пікірді саясаттанушы, қоғамдық кеңес мүшесі Борис Поломарчук білдірді.

Білім мен денсаулық сақтау, цифрландыру және ұлттық мүдделерді қорғау сияқты маңызды тақырыптардың арасында басты хабар айтылды, ол –  Қазақстанның жаңа парламенттік шындыққа енуі.

– Бірпалаталы Парламент «Құрылтай» деп аталады. Бұл тарихи ұжымдық шешім қабылдау формасын қазіргі өкілдікпен ұштастыруға ұқсайды. 145 депутат, бірыңғай әрі тең мандат қарастырылған. Тек партиялық тізімдер мен саяси бәсекелестік. Барлық депутаттарға халық берген тең мандат. Осы тұрғыдан жүйе бір мезгілде әділ әрі қатаң бола түседі. Бес пайыздық шек сақталады, демек, Парламентке тек сайлаушымен жұмыс істей алатын партиялар мен олардың өкілдері ғана өтеді, – деді Борис Поломарчук.

Саясаттанушының айтуынша, маңыздысы Құрылтай енді атқарушы биліктің «қосымшасы» болмайды.

– Парламенттің құрылымы кеңейеді. Сегіз комитет пен үш вице-спикер пайда болады. Бұл – функционалдық жүктеменің артуы мен парламенттік жұмыстың күрделенуінің белгісі. Саясат енді «қызығушылық клубы» емес, барған сайын кәсіби цехқа ұқсайды. Сондықтан Президент бұған дейін депутаттық корпусты кәсібилендіру туралы айтқан, – деп толықтырды сарапшы.

Халық кеңесінің құрылуы да ерекше назар аударады. Оның құрамында 126 адам болады, олар – этномәдени орталықтардың, мәслихаттардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері. Бұл жаңа кеңесші құрылым ҚХА мен Ұлттық құрылтайдың орнына келіп, заң шығару бастамасы құқығы мен конституциялық мәртебеге ие болады.

– Бұл өкілдік пен кеңесті ажыратуға, саяси мандатты қоғамдық репрезентациямен араластырмауға ұқсайды. Жалпы, бұл ұсынысты кейін тереңірек ой елегінен өткізу қажет. Ол алғашқы қарағанда көрінгеннен әлдеқайда терең, – деп түсіндірді Борис Поломарчук.

Саясаттанушы елдің гибридті үлгіден түсініктірек әрі қисынды құрылымға көшіп жатқанын атап өтті.

– Парламент – саясат пен жауапкершілік үшін. Халық кеңесі – диалог пен қоғамдық бақылау үшін. Егер бұл жүйе формалды емес, рухына сай жұмыс істесе, Қазақстан шынымен де билік тек тыңдап қана қоймай, жауап беруге мәжбүр болатын үлгіге жақындайды, – деп түйіндеді саясаттанушы.

Енді басты мәселе мазмұнында жатыр. Егер Қазақстан халқы Президент ұсынған құрылымды қолдаса, онда Құрылтайдың саяси мазмұны тереңдей түседі.