Павлодарлықтар емханада әр кабинетке кіріп, мөр бастырмайтын болады

Павлодарлықтар емханада әр кабинетке кіріп, мөр бастырмайтын болады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл соңына дейін облыстағы емханалар толық электронды форматқа көшіріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«eDamumed» қосымшасы – тұрғындар үшін тиімді цифрлық құрал. Оның көмегімен азаматтар қажетті қызметтерді оңай әрі жылдам ала алады. Бұл – ашықтықты, ыңғайлылықты және жеделдікті қамтамасыз етеді. 

– Сонымен қатар жүйені жетілдіру үшін қолданушылардың белсенділігі мен кері байланысы аса маңызды, – деді «eDamumed» ЖШС басқарма төрағасы Дархан Қырықбаев. 

Екібастұз қаласының №2 емханасы басшысының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Өмірбаеваның айтуынша, бұдан былай әр кабинетке жеке-жеке кіріп, мөр бастыру немесе қол жинау қажеттілігі болмайды. 

– Жыл соңына дейін толық электронды жүйеге өтуді жоспарлап отырмыз. Қабылдау кезінде барлық профильді мамандардың қорытындылары терапевт кабинетінде біріктіріледі. Сол жерде құжат автоматты түрде жасалып, дайын нұсқасы беріледі, – деді ол.

Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасының цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді мониторингтеу бөлімінің бас маманы Айжан Әкімбекованың айтуынша, санаторлық-курорттық карталар да электронды форматқа көшірілуде.

– Қазіргі таңда азамат дәрігерге барған кезде бұрынғыдай қағазбастылықпен айналыспайды. Дәрігер электронды еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеп, ол бірден «eDamumed» және «Еңбек.кз» қосымшасына түседі. Азамат оны eGov Mobile немесе «Еңбек.кз» мобильді қосымшасы арқылы қарай алады, – деді ол.

Мамандардың айтуынша, электронды форматқа көшу тұрғындарға медициналық қызмет алуды айтарлықтай жеңілдетеді.