Павлодар облысында оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде
Мұндай оқушылар сарайы еліміздің үш облысы мен екі қаласында салынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Естай атындағы мәдениет сарайында өтіп жатқан бірыңғай республикалық пленарлық отырыста ҚР Оқу-ағарту министрі Ғайни Бейсембаев мәлім етті.
– Тәрбие жұмысы мен қосымша білім берудің басым бағыттары шеңберінде қабылданып жатқан бірқатар шараларды атап өткім келеді. Республикада жаңа оқу жылында 2,9 миллион баланы қосымша біліммен қамту жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарында және Алматы, Шымкент қалаларындағы алты оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде, – дейді Ғайни Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, биыл жеке инвестициялар есебінен Астана қаласында «SANA» инновациялық орталығы ашылды.
Еске сала кетейік, тамыз айының басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз қаласына жұмыс сапары барысында Шығармашылық үйін салуды тапсырған болатын. Жергілікті тұрғын көпбалалы ана Аяна Смағұлова қалада балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, олардың жан-жақты дамуына арналған Шығармашылық үйін салып беруді сұраған.