Павлодар облысында инклюзивті орта құру қарқыны артады

Павлодар облысында инклюзивті орта құру қарқыны артады
Фото: pixabay.com/geralt

Өңірдегі мүгедектігі бар адамдар үшін нысандарды бейімдеу жұмыстары күшейтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кедергісіз орта қалыптастыру мәселесі облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырованың айтуынша, өңірде 31 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде шамамен тоғыз мыңы ауылдық жерлерде өмір сүреді.

- Облыста 15 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат ғимараттар мен қызметтерге кедергісіз қол жеткізуге қажетті жағдайларға мұқтаж. Олар инфрақұрылым нысандары, көлік, ақпарат, мәдени және спорттық іс-шараларға, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуге құқылы,  -деді Самал Қадырова.

Азаматтардың қолайлығы үшін он жылдан астам уақыттан бері «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» порталы жұмыс істейді. Онда республика бойынша 42 мыңнан астам әлеуметтік нысан туралы мәлімет орналастырылған. Оның ішінде Павлодар облысындағы 1731 нысан бар.

2021 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету көрсеткіші «Amanat» партиясының жол картасына енгізілген. Өткен жылы жоспарланған 60 пайыздың орнына облыста 1163 нысан бейімделіп, көрсеткіш 67 пайызға жеткен.

- Биылғы бірінші маусымдағы жағдай бойынша көру, есту, тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар мен арба пайдаланушылар үшін 1186 нысан немесе 68,5 пайыз бейімделді. Ал 2026 жылға арналған жоспар 90 пайызға дейін ұлғайтылып, 1558 нысанды қамтиды. Жыл соңына дейін қала және аудан әкімдіктері тағы 372 нысанда бейімдеу жұмыстарын жүргізуі қажет, - деді Самал Қадырова. 

Облыс әкімі Асайын Байханов жыл сайын қаржы бөлінгеніне қарамастан, жұмыстың неге әлі аяқталмағанын сұрады. 

- Мүгедектігі бар адамдар үшін ғимараттарды бейімдеуге жыл сайын қаражат бөлінеді. Бірақ жұмыстар ұзаққа созылып келеді. Бұлай болмауы керек. Бұл төрт жыл бойы орындауды қажет ететін ауқымды жұмыс емес, - деді өңір басшысы. 

Мониторинг қорытындысы бойынша Аққулы, Май және Шарбақты аудандары артта қалып отырғаны анықталды. Аудан әкімдері барлық қажетті жұмыстардың орындалатынын жеткізді.

Кеңесте нысандардың қолжетімділігіне қатысты тексеру нәтижелері де қаралды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедованың айтуынша, өткен жылы прокуратурамен бірлесіп 52 тексеру жүргізілген. Оның 35-і әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігіне қатысты болған.

- Мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау нысандары тексерілді. Барлығы 170 заңбұзушылық анықталды, оның 106-сы кедергісіз ортаны қамтамасыз етуге қатысты. 14 нысан бойынша жауапты тұлғаларға 2,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар өткен жылы анықталған 31 заңбұзушылық әлі күнге дейін жойылмаған, - деді Алмагүл Мұхамедова. 

Мәселелі нысандар қатарында Шарбақты және Тереңкөл аудандарының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, Аққулы ауданының білім беру бөлімі, Баянауыл ауданындағы Жылбек Ағаділов атындағы мектеп және Екібастұз қаласындағы «Қазпошта» бөлімшесі бар.

Алмагүл Мұхамедованың айтуынша, негізгі ескертулер пандустардың болмауы немесе талапқа сай келмеуі, кіреберіс топтарының дұрыс жабдықталмауы, көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған тактильді бағыттағыштардың, есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы құралдардың және автотұрақ орындарының жоқтығына байланысты.

- Мұндай заңбұзушылықтардың басым бөлігі ауылдық жерлерде анықталады. Талдау көрсеткендей, мемлекеттік органдар қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған шығындарды әрдайым қарастыра бермейді. Сонымен қатар, заманауи құрылыс нормалары енгізілгенге дейін салынған ескі ғимараттар да бар. Бұған қоса, жауапкершілік тапсырыс берушілер мен құрылыс салушыларға да жүктеледі, - деді ол. 

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Кедергісіз ортаны қалыптастыру талаптарының сақталуын бақылау күшейтіледі.

Асайын Байханов мәселе тек ескі ғимараттарда ғана емес екенін атап өтті.

- Біз жаңа коммерциялық нысандардың да қолжетімділік талаптарын сақтамай пайдалануға беріліп жатқанын көріп отырмыз. Кейбір жағдайда пандустар талапқа сай емес немесе мүлде жоқ. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мұндай заңбұзушылықтарға қатаң шара қолдануы тиіс. Экономика үшін жаңа дәмханалар мен мейрамханалардың ашылғаны жақсы, бірақ қолжетімділік талаптары әуел бастан сақталуы керек, - деді облыс әкімі. 

Асайын Байханов 2027 жылдың бюджетін қалыптастыру кезінде қажетті қаражатты қарастырып, қолжетімділік мәселесін толық шешуді тапсырды. Сондай-ақ аудан әкімдеріне артта қалушылықты жойып, келесі жылдың ортасына дейін көрсеткішті 100 пайызға жеткізу міндетін қойды.