Павлодар облысында инвесторлар әуре-сарсаңға түсті
Оларға жұмыс істемейтін ақпараттық жүйенің кесірінен ұзақ уақыт бойы жер берілмеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биыл ақпанда облыс прокуроры «Павлодар» арнайы экономикалық аумақ қатысушыларымен дөңгелек үстел өткізді. Онда кәсіпкерлермен жергілікті атқарушы органның ұзақ уақыт бойы жер учаскелерін бермеуі туралы мәселесі айтылды.
– Маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу – прокуратура органдары қызметінің басым бағыты. Прокурорлар жер беру мәселелерін келісу бойынша әуре-сарсаңның себебін анықтады. «GEOPAVLODAR» ақпараттық жүйесінің ұзақ уақыт бойы жұмыс істемегені белгілі болды. Сонымен қатар коммуналдық қызметтердің жауапты тұлғаларының оны қолдануға құқығы болмаған, – деді облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, жердің бөлу схемасын келісуге жіберілетін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тізбесі бекітілмеген. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша Павлодар әкімдігі тиісті құжаттарды бекітті. Ақпараттық жүйе заң талаптарымен сәйкестендіріліп, үш инвесторға арнайы экономикалық аймақта жер учаскелері бөлінді. Инвесторлардың құқықтарын қорғау жұмысы жалғасуда.