Асайын Байханов баға жөнінде: Шаш ал десе, бас аласыздар

Асайын Байханов баға жөнінде: Шаш ал десе, бас аласыздар
Фото: Константин Шелков

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында  аймақта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаевтің мәліметінше, жыл басынан бері облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 1,7%-ды құрады.

–   Азық-түлік тауарларының 13 атауының бағасы республикалық деңгейден төмен. Күріш, тауық еті, қант, тұз, бірінші санаттағы жұмыртқа мен пияз облыс бойынша орташа республикалық көрсеткіштен қымбат. Жеті позиция бойынша облыс ең төмен бағамен ТОП-5 өңірдің қатарына кіреді. Барлық әлеуметтік дүкендер мен орталықтандырылған дүкендердегі өнім бағасын Екібастұз, Ақсу және Павлодар қалаларындағы сияқты  бір деңгейде ұстау бойынша жұмыстар жүргізілді. Дүкен сөрелерінде қойылған тауардың үстеме бағасы 15 пайыздан, ал әлеуметтік қордағы сатылатын тауарларға 10  пайыздан аспау керек, –  деді Ернұр Жәутікбаев.

Бұл ретте Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов  логистика мәселесін  естен шығармау керек екенін атап өтті. 

– Әр қаланың қашықтығына байланысты баға өзгеретіні белгілі. Негізгі міндет – тауарға қойылған сауда маржасының 10-15 пайыздан аспауын қадағалау. Сіздерге тапсырма берген кезде кейде «шаш ал десе, бас аласыздар». Барлық қалада бір баға болады деген тапсырма болмады. Баға әр қаланың қашықтығына байланысты қосылады. Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерді тұншықтыру емес, әділ бағаның қалыптасуын қамтамасыз ету, – деді Асайын Байханов.

Сонымен қатар, облыс әкімі «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма басшысы лауазымына жаңадан тағайындалған Тимур Жантеміровке  тұрақтандыру қорына картоп пен сәбіз көлемін арттыруға тапсырма берді.

Фото:  Константин Шелков