Павлодар облысында кәсіпкерлікке жер телімін алудың қандай жолдары бар?

Павлодар облысында кәсіпкерлікке жер телімін алудың қандай жолдары бар?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде жерлерді айналымға тарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында жер қатынастары басқармасы жерлерді тиімді пайдалануға және айналымға тартуға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Бұл туралы басқарма басшысы Мұрат Хамитов мәлім етті.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы жерлері конкурс арқылы жалға беріледі. Жалдау мерзімі 10 жылдан 49 жылға дейінгі аралықты қамтиды.

– Өткен жылы жалпы аумағы 212 мың гектар болатын 609 жер учаскесі берілді. Оның ішінде 77 мың гектар жер бұрын мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. Бұл жерлер жалға алу мерзімінің аяқталуына немесе жер пайдаланушылардың өз еркімен бас тартуына байланысты мемлекетке қайтарылды, – деді Мұрат Хамитов.

2025 жылы ауыл шаруашылығы айналымына тарту жоспары 180 мың гектарды құрайды. Бүгінгі күнге дейін оның 42,3 мың гектары немесе 23,5 пайызы орындалған.

Жер қатынастары басқармасы басшысы атап өткендей, өңірде кәсіпкерлікке жер алудың екі жолы қарастырылған. Атап айтқанда, азамат өз бетінше бос жер учаскесін таңдап, оны аукционға шығаруға ұсыныс жасай алады және жергілікті атқарушы органдар жерлердің тізімін жасап, оларды аукционға шығарады.

Аукцион жеңімпазы ағылшын әдісі бойынша, яғни бағаны көтеру арқылы анықталады.

– Биыл облыс қалалары мен аудандарында жалпы аумағы 105 гектар болатын 107 жер учаскесі бойынша 36 аукцион өткізілді. Нәтижесінде қазынаға 220 миллион теңгеден астам қаржы түсті, – деді спикер.

Павлодар облысында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жерлерге арнайы кезек жүргізіледі. Бұл кезек үш қалада – Павлодар, Ақсу, Екібастұз және екі ауданда –Баянауыл, Павлодар қалыптасқан.

Қазіргі таңда облыста ЖТҮҚ кезегінде 62 мыңнан астам өтініш бар.

– 2025 жылдың өткен кезеңінде 104 жер учаскесі бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады, – деді Мұрат Хамитов.

Спикердің айтуынша, облыстағы негізгі мақсат – бос жатқан және пайдаланылмай тұрған жерлерді айналымға қосу, оларды ауыл шаруашылығы, бизнес және тұрғын үй құрылысы үшін тиімді пайдалану.