Павлодар облысында Кәсіпкерлер күні аталып өтті
                                    Үздік бизнес өкілдері марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлер күніне орай салтанатты жиын ұйымдастырылды. Іс-шара барысында палата директоры Ерқанат Әбенов өңірдің бизнес өкілдері мен компания басшыларын «Қазақстанның үздік тауары» және «Алтын сапа» көрмелеріне қатысқаны үшін ҚР ҰКП «Атамекеннің» алғыс хаттарымен және өңірлік палатаның құрмет грамоталарымен марапаттады.

– Біз бұл маңызды, баршамызға ортақ мерекені алғаш рет атап өтіп отырмыз. Сіздер бизнес құрып, жаңа жұмыс орындарын ашып, инновацияларды енгізіп, кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастырып, өңір мен ел экономикасын нығайтуға және мемлекеттік қазынаны толықтыруға үлес қосып келесіздер, – деді Ерқанат Әбенов.
Марапаттар облыстың қала және аудандарындағы кәсіпкерлерге де жолданды.

Көрсетілген құрмет пен құттықтаулар үшін өңірлік палата басшылығына және ұжымына кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Аурика Дяк алғысын білдірді.
Ерқанат Әбеновтің айтуынша, өңірде 64 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көбірек – оң динамика байқалады. Облыстың жеке кәсіпорындарында шамамен 140 мың адам жұмыс істейді, бұл өңір халқының шамамен 20 пайызына тең.

– Егер әр отбасында кемінде үш адам бар деп есептесек, облыс тұрғындарының жартысынан астамы жергілікті кәсіпорындармен байланысты деген сөз. 2025 жылы өңір компанияларының өнім шығару көлемі 427 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға жоғары, – деді ол.
Өңірлік палата директоры атап өткендей, мұның бәрі еліміздегі кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының байыпты саясатының нәтижесі.