Павлодар облысында мал азығын дайындау жоспары асыра орындалды
Шөп көлемі жеткілікті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл сайын облыс диқандары қысқа 480-500 мың тонна шөп дайындайды. Биыл алқапты 90 пайызға су басып, 446 мың тоннадан астам шөп шабу мүмкіндігі пайда болды. Шөп негізінен ауылдар маңынан жиналғандықтан, 80 пайызы ғана шабылған. Бұл туралы Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов мәлім етті.
Оның айтуынша, диқандар көбінесе мал азығын егуге басымдық берген, сондықтан бұл дақылдың өнімділігі жылдық нормадан жоғары, гектарына он центнерден алынған.
Облыстағы шабындықтардың жалпы алқабы – 1,5 миллион гектар. Қыстаққа 405 мың бас малға 1,8 миллион тонна дайындалды. Негізгі қажеттілік 1,2 миллион тоннаны құрайды.
Өңірдегі ауылшаруашылық тауар өндірушілері қыстауларға шөп жеткізіп жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша 84 пайызы, яғни 1,6 миллион тоннасы жөнелтілді.
– Алдағы уақытта шөп дайындауды арттыруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін Май ауданына қарасты Колыбаев және Баянауыл жайылмаларын қалпына келтіруіміз керек. Ол үшін 17,5 миллиард теңге қажет болады. Бұдан кейін гектарына 20 центнерге дейін өнім алуға болады. Қазір 5-6 центнерден жинап жатырмыз, – деді спикер.
Биыл жем-шөп дайындауға 5189 трактор, 863 шөп тиегіш жұмылдырылды. Ал шөп тасуға 2064 тіркеме пайдаланылды.