Павлодарлық қоғам белсендісі: Жаңа жүйе бюджетті үнемдеуге мүмкіндік береді

Павлодарлық қоғам белсендісі: Жаңа жүйе бюджетті үнемдеуге мүмкіндік береді
Фото: Константин Шелков

Президент халыққа кезекті Жолдау барысында әділетті Қазақстанды құру үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз екенін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Достық үйінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауын тыңдауға  мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық қорлар мен партия мүшелері, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері бас қосты.

– Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл жағдайға қатысты қоғам қайраткері, «Қағандық» қоғам бірлестігінің төрағасы Еркеғали Жанғазы жемқорлық жайлы өз ойын білдірді. 

– Жемқорлық мемлекеттік сатып алулармен байланысты. Осы мәселе қарастырылып, алдағы уақытта заң қабылданатын болады. Мемлекеттік сатып алулардың өзі еліміздің дамуына үлкен кедергі жасауда. Мәселен, қаңтарда басталған сатып алу тамыз айында аяқталуы мүмкін. Осы мәселені қарастыратын болады. Президент былтыр қолданыстағы жүйенің бітпейтін дау-дамай, жұмыстың ұзақ мерзім, ашық еместігі сияқты түйткілді мәселелерін шешу үшін жаңа мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізуді тапсырған болатын. Үкімет жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл құжат бюджет қаржысын үнемдеп әрі есеп бере отырып жұмсауға септігін тигізуі керек, – дейді Еркеғали Жанғазы.

Айта кету керек, Павлодар облысы бойынша Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Бірыңғай сатып алу терезесі» веб-порталы арқылы тұрақты негізде мемлекеттік сатып алу жүйесіне мониторинг жүргізеді. Осы жұмыстың нәтижесінде ағымдағы жылдың 7 айында өңір бюджетіне 1,4 миллиард теңге үнемделді.