Павлодар облысында малды GPS шопан жаюда

Павлодар облысында малды GPS шопан жаюда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл мал ұрлығының алдын алуға көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Өңірде ұрлықтың алдын алуға және ауыл шаруашылығы жануарларын ұстауда тәртіп орнатуға бағытталған «Мал ұрлығына жол жоқ» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.

Полицейлер ветеринарлармен бірлесіп ауқымды рейд жүргізуде. Мұнда үй жануарларының құлақ белгілерін таңбалау, таврлау және орнату басты назарда. Бұл заманауи сәйкестендіру құралдары жануардың иесін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Әрі малдардың ұрланған немесе жоғалған жағдайында іздеуге көмектеседі. 

- Мысалы, Қарабай ауылындағы Асан шаруа қожалығының иесі барлық мал басына GPS трекерлерін орнатқан. Бұл - малды ұрлықтан және жоғалтудан қорғаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Әсіресе, жайылым кезінде малдың нақты иесіне тиесілігін анықтайды, малдың қай жерде орналасқанын әрдайым көруге болады, - дейді тәртіп сақшылары. 

Ведомствода хабарланғандай, бүгінгі күні полиция 3300-ден астам жеке меншік аула мен 748 шаруа қожалығын, 366 ет өнімдерін өткізу пункттерін тексерді. Жайылым ережелерін бұзғаны үшін 76 адам жауапқа тартылды. Мамандандырылған тұрақтарға 869 қараусыз мал орналастырылды.

Полицейлер малды қараусыз қалдырмауға, GPS-трекерлерді пайдалануға және иелері, шопандар мен әкімдіктер арасында үшжақты шарттар жасасуға кеңес береді. Бұл шаралар ұрлық қаупін айтарлықтай төмендетеді.