Павлодарда «Әйелдерге жағымды кәсіпорын» жобасы жүзеге асырылады

Бұл идея әйелдерге жұмыс орнында өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«AMANAT» партиясының Орталық аппараты Әйелдер қанатымен бірлесіп, әйелдерді қолдау стандарты – «Әйелдерге жағымды кәсіпорын» жобасын әзірледі.
Аталған стандартты енгізуге шешім қабылдаған кез келген кәсіпорын өндірістегі әйелдерді қолдауға бағытталған ұлттық қозғалыстың қатысушысы атанады. Жобаға қосылу ерікті түрде жүзеге асады, ал қозғалыстың операторы ретінде «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты белгіленді.
Павлодарда партия облыстық филиалы атқарушы хатшысының м.а. Айнұр Мұхамедьярованың және «Өндірістегі әйелдердің еңбегін қорғау және қауіпсіздігі» басымдығының тең төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Динара Айтжанованың төрағалығымен кәсіпорындар, кәсіподақ және партия ұйымдары өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы – жобаның басымдықтары және оны Павлодар облысында жүзеге асыру мүмкіндіктері болды.
Өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындарға, ірі ауылшаруашылық құрылымдарына және кәсіподақ ұйымдарына Стандарттың мәтіні жолданды. Құжатты жан-жақты зерделеу қажет: оны әр кәсіпорын өз ерекшелігіне қарай толық көлемде немесе жекелеген бағыттар бойынша енгізе алады.
Динара Айтжанованың айтуынша, 18 тамызға дейін кәсіпорындармен қосымша жұмыстар жүргізіліп, ұсыныстар мен пікірлер жиналады. Барлық материалдар облыстық филиалға жолданып, 20 тамызда қайта кездесу өтеді.
Жобаны жүзеге асыру кәсіпорындарға жұмыс беруші ретінде тартымдылығын арттыруға, ал әйелдерге жұмыс орнында өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуге мүмкіндік береді.