Асайын Байханов аудан әкімдерінің халықты жұмыспен қамту ісін сынға алды
Облыстық әкімдікте өткен жиында өңірлік жұмыспен қамту жол картасының қалай орындалып жатқаны туралы баяндалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыста 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны немесе жоспардың 28%-ы құрылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарының үлесі 54% құрайды. Биыл барлығы 25,2 мың жұмыс орны ашылуы тиіс.
– «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру» бастамасын іске асыру бойынша 1487 орын немесе жоспардың 20% құрылды. Ал, 9 ұлттық жоба шеңберінде 7546 адамды, оның ішінде 1043 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамту жоспарлануда, – деді Альмира Дисюпова.
Инфрақұрылымдық жобалар бойынша жыл басынан бері 14 жобаны іске асыру басталған. Ал, мердігерлер электрондық еңбек биржасында 244 бос орынға 10 жоба ғана орналастырған. Оған 68 адам немесе жоспардың 5%-ы жұмысқа орналастырылды.
Бұдан бөлек, «Жастар практикасы» жобасы бойынша облыстық көрсеткіш 9% құрайды. 6 өңірде көрсеткіш облыстық деңгейден төмен, Май ауданында әлеуетті қатысушылар мүлдем жоқ.
– «Бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша Екібастұз қаласында 1 адам ғана жұмысқа орналастырылса, Май және Успен аудандарында бірде-бір қатысушы жіберілмеген. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша бүгінде барлық өңірлерде жұмысқа орналастыру жоқ, – деді Альмира Дисюпова.
Облыс әкімі Асайын Байханов аудан және қала әкімдері үшін халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету негізгі міндеттердің бірі екенін айтты. Сондықтан бұл көрсеткіштер бойынша әсіресе әкімдер саяси жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
«Бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша Май ауданының әкімі қазіргі уақытта ауданда 1 үміткер бар екенін, сәуір айының ортасында оған бұйрық шығатынын айтты. Ал, Успен ауданының әкімі бұл жоба бойынша 2 түлектен өтініш қабылданып жатқанын атап өтті.
Асайын Байханов бұндай жобаларға үміт еткен жас мамандар болмаса ол ауданның даму көрсеткіштерінің төмендегенін көрсететінін айтты.
– Бұл бізге белгі беріп тұрғандығы. Сондықтан 1-2 үміткер туралы айту меніңше, ұят. Аудандарыңызда 10 мыңға жуық халық бар. Сол 10 мыңның ішінен жоқ дегенде 20-30 адам табылатын шығар. Жас мамандар бар шығар. Жас мамандар болмаса ол адуанда өзгерістер жасау керек. Сондықтан бұл сұрақтарды талдап, себебіне жетіңіздер де нақты шара қабылдаңыздар, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, жыл басынан бері жаңа жұмыс орындарынан бөлек, бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру бағыты бойынша 2235 адам немесе жоспардың 22%-ы жұмысқа орналастырылды.
Фото: Валерий Бугаев